18.10.2024, 16:45
Оқылды: 35

БҚО әкімі ордалықтармен кездесті

Сайқын ауылындағы бірқатар нысандардың жұмысымен танысып шыққан облыс әкімі Нариман Төреғалиев аудандық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Алдымен аудан басшысы Нұрлыбек Даумов аудан көлемінде жүзеге асырылған ауқымды іс-шараларды баяндап өтті.

IMG-20241018-WA0149

– Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 385 км. Соның ішінде 124 км республикалық жолдар, 116 км облыстық маңызы бар жолдар, 145 км аудандық маңызы бар жолдар. Қазіргі таңда «Өнеге-Бисен-Сайқын» республикалық маңызы бар жолдың 103 км.-не толықтай асфальттың бірінші қабаты төселді. Сонымен қатар асфальттың екінші қабатын төсеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін бұл жолымыз толық пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ауылдарымыздың кіреберіс жолдарын жөндеу жұмысы да – басты назарда.    Мақтанышымыз, мәдени ошағымыз Хан ордасы ауылына ұзындығы 21 км.-ді құрайтын кіреберіс жолдың жөндеуі бастау алды, қазіргі уақытта аталған учаскеде мердігермен 15 км бөлігінде жер қыру және тегістеу жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ 6 км бөлігіне қиыршық тас төселіп, 640 метр жолына асфальт жабыны төселді. Сонымен қатар тағы 5 км жерінің астыңғы қабаты дайындалу үстінде, - деп жол құрылысына қатысты айтып өткен аудан басшысы мал шаруашылығы саласы бойынша да атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

IMG-20241018-WA0150

– Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 9 айдың қорытындысы бойынша 4 млрд 733 млн теңгені құрайды. Ауданымызда 561 шаруа қожалығы жұмыс атқарып жатыр. Оның 45-і – асыл тұқымды малды өсіретін шаруашылықтар. Осы жылдың 9 айы ішінде 8 шаруа қожалық 479 бас қазақтың ақбас қашарын сатып әкелді, - деген ол кәсіпкерлік, денсаулық, білім т.б маңызды мәселелерді тілге тиек етті.

IMG-20241018-WA0160

Өз кезегінде облыс әкімі Нариман Төреғалиев те сөз алып, ауданның әлеуетін арттыру бағытында инвестициялық жобаларға көңіл бөлінуі керек деді. Әсіресе кәсіпкерлер қауымы ауданның кірісін еселеп, табысын арттыратын өнімді істерді қолға алулары тиіс деді. Сондай-ақ, ауданның экологиялық ахуалы, ауыл тазалығы, т.б өзекті мәселелерге арнайы тоқталып өтті.

IMG-20241018-WA0158

Бұдан соң кездесуге келген тұрғындар сұрақтарын қойып, жауап ала алды. Мәселен, Нағым Тәжімұратов күні кеше берілген жедел жәрдем көліктерінің сапасыз екенін айтса, аудандық мәслихат депутаты Асылбек Нұралиев жөндеуге сұранып тұрған мектептер мәселесін алға тартты.

Ал Қуаныш Шәріпқалиев шаруалардың бас ауыртқан мәселесі киік жайын көтерсе, Дәурен Насимоллин шөп тасымалына қатысты мәселені облыс әкімінің назарына ұсынды.

IMG-20241018-WA0157

Өңір басшысы қабылдау өткізіп, ауыл тұрғындарының жеке мәселелерін тыңдауға да уақыт тапты.

Арайлым Есмағұлова

Суреттерді түсірген Эльдар Сатқанов

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале