Бүгін, Шыңғырлау ауданы бойынша "Таза Қазақстан" акциясы аясында жас тал көшеттерін егу жұмыстары жүргізілді. Жергілікті округ әкімдігінің ұйымдастыруымен барлық мекемелер мен бөлімдер ұжымдар сенбілікке шығып, аталмыш жұмысты еңсеріп әкетті.
Нәтижесінде, аудан орталығының сыртын орай салынған Ғ. Мұратбаев көшесі бойына 150 түп бойшаң өсетін көктерек көшеттері отырғызылды.
Ауылдың ажарын ашып, көшенің көркін кіргізетін ізгі шараға ауданның құрметті ащаматтары, қадірлі қариялары да атсалысты.
- Жақсы іске жан сүйінеді, көппен бірге еткен еңбек және ауылыңа жасаған жақсылық жанның рахаты емес пе! Жастардың елдің керегі үшінжасап жатқан жақсы ісіне үлкендер де қатысқаны,жастарға үлгі болғаны дұрыс деп санаймын.Жалпы,ағаш егу сауапты іс. Пайғамбарымыз "ағаш егіңдер, оның әрбір жапырағы тыныштыққа, ай мен күнге, аманшылыққа дұға етіп тұрады" деген екен- дейді аудан қариясы Сапарғали Ердібеков.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін ауданның Ақсай қаласынан кіреберіс бетіне, осы көшенің бас жағына 250 түп көшет егілген болатын. Аудан орталығының төменгі жақ бөлігіне де 200 түп дәл осындай жас ағаштар егілді. Бәріде бой алып, желкілдеп өсіп тұр.
Аудан тұрғындарынан, әсіресе осы шеткі көше бетінде тұратын тұрғындар қолда ұстаған төрт түлігіне еге боп, жас көшетті жегізіп қоймауға мән берсеңіздер екен. Елдің еңбегі еш кетпесін!
Қаршыға Елемесов,
Шыңғырлау ауданы