21.10.2024, 18:00
Оқылды: 202

Жаңақалада кезекті қоғамдық кеңес отырысы өтті

Бүгін Жаңақала ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында қоғамдық кеңес отырысы өтті.

image-21-10-24-04-12

Жиынды кеңес төрағасы Қуат Имашев жүргізіп, күн тәртібіндегі алты мәселені хабарлады.

«Ауданның әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» 2023 жылғы 5 қазандағы № 10-5 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының м.у.а Дәурен Жарасов баяндады.

Одан кейін Жаңажол ауылдық округінде атқарылған жұмыстар бойынша ауыл әкімі Айбек  Ишанов есеп берді. Округте азаматтардың вахталық еңбектен қысқартылып қалуы себебінен  былтырғы жылы жұмыссыздыққа 18 адам, биыл 58 адамның тіркелгендігі тілге тиек етілді.

Әрі қарай аудандық аурухана басшысы Ербол Сәрсенғалиев аталмыш мекеменің атқарылған жұмыстарын баян етіп, сонымен қатар облыстық ауруханада жасалатын оталарды жаңадан келген дәрігерлердің арқасында аудандық ауруханада жасау мүмкіндігі беріліп, осы жылдың өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп 78 ота жасалынғандығы айтылды. Қазіргі таңда рентген аппаратының жұмысы тоқтап тұрғандығы, жатыр-мойын обырына қарсы 11-13 жас аралығындағы қыздарға екпе салудан бас тартушы ата-аналармен түсініктеме жұмыстары, скринингтік тексерулерден тұрғындардың уақытылы өтпеуі және кардиолог дәрігердің қажеттігі сынды мәселелердің қарастырылып жатқандығын жеткізді.

Келесі кезекте азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз ету бойынша қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің орынбасары Артур Биканов баяндама жасап, аудан жастарының өте төмен деңгейде шақыртуды қабыл алып жатқандығын айтты. Осы тұрғыда кеңес мүшелері бірнеше себептерін келтіріп, пікірлерін білдірді.

Одан кейін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бойынша көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасы туралы бөлімнің бас маманы Нұрберген Тілекқабылов есеп берді.

Сонымен қоса аудандық қоғамдық бірлестіктер де атқарған жұмыстары бойынша есептерін жүргізді. Соның ішінде «Жан демеуші» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жансая Дәулетқалиева мен Аналар кеңесі төрайымы Ақмарал Сапарова және мүгедектер қоғамының төрайымы Халила Нұрсұлтанова осы жылда жүзеге асырылған іс-шаралар бойынша ақпарат берді.

Ақмарал Аманқызы келесі қоғамдық кеңес отырысында халықтың тұрмыстық қажеттілік мәселелерімен қатар, тәлім-тәрбиелік бағытында жасалынып жатқан жұмыстарға да баса назар салу жөнінде сөз қозғады. Жиын қатысушылардың ұсыныс-пікірлерімен жалғасты.

Фариза Махамбетова

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале