22.10.2024, 11:30
Оқылды: 129

«Уақыт тапшы, жұмыс көп…»: БҚО әкімдігінде аппараттық кеңес өтті

Облыс әкімдігінде өңір басшысы Нариман  Төреғалиевтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңесте көптеген өзекті мәселе жан-жақты талқыланды. Жылыту маусымына дайындық пысықталды. Мал азығын дайындау жұмыстары жайында да сөз қозғалды. Жолдарды күтіп ұстау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

мади салык

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқтала келгенін мәлімдеді. Оның баяндауынша, №3 кәріз-сорғы стансасы мен  №5 жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары біткен.

– №2 кәріз-сорғы стансасын, жылу электр орталығы­ның №1 турбинасын, сондайақ Ақсай қаласының 4, 5, 10-шағынаудандарындағы су­мен жабдықтау желілерін ре­конструкциялау жұмыстарын  жылыту маусымы басталған­ша аяқтаймыз. Ал №18А кә­різ-сорғы стансасы мен №2 жылу магистралін реконструкциялау жобалары келесі жылы аяқталады. «Жайықжылуқуат» акционерлік қоға­мының және Орал газтурбиналық электр стансасының негізгі жабдықтары 100% жөнделді. Әлеуметтік нысан-дарға 735 тонна көмір жеткізілді. Осы бағыттағы жұмыстар бас­қарма тарапынан жіті қада­ғаланады, – деді Мирас Рүс­темұлы.

Содан кейін облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасының басшысы Жасұлан Халиуллин өңір бойын­ша 1 млн 66 мың малға 2 млн  23 мың тонна шөп, 233 мың тонна жем, 11 мың тонна сүрлем, 9 мың тонна пішендеме керектігін жеткізді. Оған қоса өткен жылдан 148 мың тонна шөп қалғанын тілге тиек етті.

слайд1

– 2024 жылғы 23 қыркүйектегі мәлімет бойынша  4,8 млн га шабындық шабылды. Аудандарда малдың қысқы азығын әзірлеу бойынша қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Облыс бойынша мал азығын дайындауға 2 662 тонна дизель отыны бөлінді. Биылғы көктемдегі салқындық пен киік санының шамадан тыс артуы салдарынан Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарында мал азығын дайындау қиынға соғуда. Мұндай жағдай Жаңақа­ла ауданының құрамындағы Жаңажол, Жаңақазан, Көпжасар және Мәстексай ауылдарында, Казталов ауданының орталығы мен оған қарасты Тереңкөл, Бостандық, Көктерек  ауылдарында да қалыптасып отыр, – деді Жасұлан Жолдыбайұлы.

Облыстық жолаушылар кө­лігі және аутомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуанышәлиев аудандық маңызы бар автомобиль  жолдарында 22 жылыту пунк­ті дайындалғанын тілге тиек етті.

– Казталов ауданының аумағындағы жолдың жалпы ұзындығы 524 шақырымды құрайды. Оны күтіп ұстайтын мердігер мекеме – «СтартСтрой­Сервис» ЖШС. Мердігер ұйыммен келісімшарт 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін жасалған. Мердігер ұйымда үш арнайы техника бар. Казталов ауданы аумағындағы аутомобиль жолының көлеміне байланысты «СтартСтройСервис» ЖШС-дағы техника  санын көбейту керек деп есептеймін. Жалпы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстайтын мердігер ұйымдардың иелігінде 106 бірлік арнайы техника және патрульдік жеңіл аутокөлік бар. 2023 жылдың қарашасы мен 2024 жылдың наурызы аралығында облыстық маңызы бар аутомобиль жолдары 51 мәрте ауа райының қолай­сыздығына байланысты жа­был­ды. Автожолдарды уақыт­ша жабу немесе шектеу облыстық полиция департамен­ті мен облыстық төтенше жағ­дайлар департаменті қызмет­керлерімен бірлесе жүзеге  асырылды. Жиі тексеріс жүр­гі­зіліп, осы бағыттағы жұмыстар қатаң бақылауға алынады, – деді Марат  Ғабделқайыр­ұлы.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Руслан Қасыбаев төтенше жағдайлардың алдын алу жә­не жою мәселесіне бейжай қарауға болмайтынын айтты.

Руслан Әмірзадаұлының мә­лімдеуінше, бүгінде төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарының жоспары жасақталған. Биыл облыстық бюджеттен 206 млн теңге бөлініп, 19 бірлік техника сатып алынған. Өз кезегінде Орал қаласының әкімі Мұрат Бәйменов қала көшелеріндегі қардың дер шағында шығарылатынын мәлімдеді.

слайд2

– Қыс мезгілінде қала ішіндегі, сондай-ақ Зашаған, Деркөл, Круглоозерный кентте­ріндегі көшелерді күтіп ұс­тау жұмыстарын «Жайық таза қа­ла» ЖШС жүргізеді. Ал Желаев ауылдық округіндегі көшелерді «Мақсотов» ЖК тазартады. «Жайық таза қала» ЖШС-да 750, «Максотов» ЖК-да 10 маман жұмыс істейді. Биыл 11 бірлік техника сатып алынды. 15 000 тонна құм-тұз қоспасы дайын. Аталған мекемелер жолды қардан тазартады. Көктайғақпен күреседі. Жол бетіндегі мұздарды сындырып, сыпырады. Сонымен қатар қарды арнайы көліктерге тиеп, белгіленген орындарға апарып төгеді, – деді Мұрат Болатұлы.

Өңір басшысы жиынды қорытындылап, жұмысты уақтылы әрі сапалы тындыру керектігін айтты. 

– 15 қарашаға дейін малдың қысқы азығы толық дайындалуы қажет. Осы мәселенің қатаң түрде қадағаланғаны абзал. Жеке қосалқы шаруашылықтар қысқы мал азығын қажетті деңгейде жинамаған жағдайда оларға бөлінген субсидия кері қайтарылады. Осыны естеріңізден шығармаңыздар! Өз міндет-миссиясын дұрыс атқармайтын мердігерлер бар. Жолды белгіленген мерзімге дейін салып бітірмесе, оларды сотқа берген жөн. Тапсырмаларды тиянақты орындап, нақты нәтиже көрсетейік, – деді Нариман Төреғалиұлы.

Мәрлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале