«АМАНАТ» концерт залында ҚР «Мәдениет саласының үздігі», «Өнертану» магистрі, өңіріміздің мәдениеті мен өнеріне сүбелі үлес қосып жүрген домбырашы, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің артисі Жеңіс Өтеуовтің «Жан сырласым – домбыра» атты шығармашылық кеші өтті.
Кеш «Серпер», «Жұбанов көктемі» және Тайвань елінде өткен халықаралық фестивальдердің лауреаты, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері «Құрмет» орденінің иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Еркін Нұрымбетов жетекшілік ететін ұжым «Серпер» күйімен бір серпілтіп алды.
Жүргізуші Камалиден Айтбаев кеш иесінің өмір жолы мен еңбек жолдарымен жұртшылыққа таныстырды.
ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Жеңіс Өтеуов жеке домбырада, оркестрдің сүйемелдеуімен «Жұмыр қылышын» орындады.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев кеш қонағы, ҚР еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Н.Тілендиев атындағы Мемлекеттік Академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері Жалғасбек Әмірханұлына және Жеңіс Ғимранұлына алғысхат пен естелік сыйлық табыстады.
Кеш иесі Ж.Өтеуов «Машина», «Көркем ханым» және анасын орнынан тұрғызып гүл шоғын сыйлап, құрмет көрсетіп, «Аман бол, шешем, аман бол!», «Қос ішек» күйлерін шертті.
Кейіннен сөз алып, жеке шығармашылық кешіне келген жанашырларына, өнердегі, өмірдегі дос-жарандарына алғысын айтып, марқұм ұстазы Тұяқберді Шамеловтің рухына арнап «Көңіл толқыны» туындысын тартып, залдағы тыңдарманының жүрегін толқытты.
Бұл кеште Еркін Нұрымбетов пен қатар ҚР еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Жалғасбек Бегендіков Дәулеткерей оркестрін сиқырлы таяқшамен ұршықша үйіріп әкетті.
Атап айтсақ, оркестр «Адай», «Махамбет поэмасы» күйлерін тыңдарманға ұсынды.
Одан бөлек, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайырханов, республикалық байқаулардың лауреаты Айдана Ажғалиева, «Атамекен» камералық хоры ән салса, кеш иесінің ұлы Ернұр Ғимранов, апасы, республикалық байқаулардың лауреаты Толқын Өтеуова, Ж.Өтеуовтің шәкірттері, республикалық байқаулардың лауреаттары Олжас Жаналиев, Дияр Демеу, Азамат Ғұбайдуллиндер өз репертуарындағы күйлерін төкті.
«Қазақстанда жиырмадай оркестр болса, солардың ішіндегі мықты оркестрдің бірі де бірегейі – Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі дер едім», - дейді Ж.Өтеуовтің ұстазы Жалғасбек Бегендіков.
Жалғасбек Әмірханұлы шәкіртінің кешіне құр қол келмей, Хабидолла Тастановқа арналған «Ұстазға тағзым» атты партитуралар жинағының 3 томын сыйға тартты.
Кеш соңында Жеңіс Өтеуов ұстаздары Жарасбек Әмірханұлы мен Асқар Құсайыновқа шапан жауып, құрмет көрсетсе, бүгінгі таңдағы өнердегі ұстазы әрі әріптесі Еркін Нұрымбетовке қаржылай сыйлық берді.
Жерлестерінің мерейін үстем етіп, Жаңақаладан арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Руслан Қонысбай алғысхат табыстап, ат мінгізсе, республикалық Күйшілер Одағының төрағасы Асқар Кенжеғалиев құттықтап, алғысхат пен гүл шоғын табыстады.
Айжан Бауыржанқызы