Бүгін Теректі аудандық «Қазына» коворкинг орталығында Республика күніне орай білім беру қызметкерлері арасында «Qazaqsha quiz» интеллектуалды ойыны өтті.
Тартысқа толы өткен ойынға аудандық білім беру бөлімі, Федеров, Федоров №1 мектептерінің мұғалімдері, «Ақжелкен», «Ақбота» бөбекжайларының тәрбиешілері, аудандық шығармашылық үйінің, балалар- жасөспірімдер туризм және экология ортаталығының және саз мектебінің ұстаздары қатысты.
Қатысушылар әуелі Мемлекеттік Гимнді шырқап, топтың ұрандарымен таныстырды. Содан соң аудандық білім беру бөлімінің басшысы Мирас Сапарғалиев Республика күнімен құттықтап, зияткерлік сайыстың сәтті өтуіне тілектестік білдірді. Сайыс 5 кезеңнен тұрды.
Нақтырақ айтсақ, алғашқы кезеңде тест сұрақтары берілсе, екінші кезеңде ел аузындағы әндер жасырылды. Әрмен қарай «Кино көремін», «Бұл кім?», «Қандай қала?» кезеңдері бойынша жалғасын тапты.
Нәтижесінде 21 ұпаймен балалар- жасөспірімдер туризм және экология ортаталығының «Достық» тобы 3-орынды місе тұтса, бір ғана ұпаймен алға озған «Ақбота» бөбекжайының «Қазына» тобы 2-орынды еншіледі. Білім мен ұшқыр қиялдың бәсекесінде Федоров №1 мектебінің «Жалын» тобы жеңіске жетті.
Ақтілек Әлібек,
Теректі ауданы