24 қазан күні аталып өтілетін Кітапханашылар күніне орай Ақжайық ауданында ауқымды шаралар бастау алды.
Солардың бірі – Жұбан орталығында жас кітапханашылар арасында өткен «Мамандығым – мақтанышым» атты байқау.
Жас мамандардың кәсіби шеберліктері, білім-біліктілігі, жаңашылдығы сынға түскен бұл байқауға сегіз үміткер қатысты. Атап айтсақ, олар – Толғанай Мырзакәрімова (орталық модельді балалар кітапханасы), Айдана Дәулетқалиева (Ілбішін ауылдық кітапханасы), Айдана Хайдарова (Битілеу ауылдық кітапханасы), Сүйрік Шілмағамбетова (Тайпақ ауылдық модельді балалар кітапханасы), Еркежан Оразғалиева (Есенсай ауылдық модельді кітапханасы), Жанар Омашова (Қарауылтөбе ауылдық кітапханасы), Айкөркем Қартаңбаева (Атамекен ауылдық кітапханасы), Шынар Болатова (Алғабас ауылдық кітапханасы).
Кітапханашылардың біліктілігін, шығармашылық қабілетін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мұсағалиева бастаған әділ қазылар алқасы: ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы, ақын, кітапхана саласының ардагері Сағынтай Бисенғалиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ербол Есеналиев бағалады.
Байқауда алдымен Роза Сәкенқызы сөз сөйлеп, кітаптың құдіретін жұртшылыққа жеткізу міндеті жүктелген жас кітапханашыларға сәттілік тіледі.
Байқау ережесінде көзделгендей, қатысушылар өлкетану бағытында алдын ала дайындаған шығармашылық жұмысын «Өлкем – тұнған шежірем» кезеңінде таныстырып, «Кәсіби баттл» кезеңінде кітап, мамандыққа қатысты блиц-сұрақтарға жауап берді.
«Өнермен таң қалдыр» атты кезеңде жас кітапханашылардың сан қырлы өнерге ие екені байқалса, «Кітапхана көкжиегі» кезеңінде олар өздерінің төл жобаларын қорғап шықты.
Әсия Шырай
Ақжайық ауданы