24.10.2024, 17:05
Оқылды: 99

Сырымда мал азығының межесі артығымен орындалды

Ауыл жұртының күнтізбесінде мал шаруашылығы, оның күтімі, қысқы мал азығын дайындау сынды шаруалар бас әріппен жазылары белгілі.

IMG_9612

Сурет: freepik.com

Өйткені һақ тағаланың жаратқан төрт мезгілі адамдардың жұмысқа салғырттығы, жалқаулығы секілді теріс қылықтарын кешірмейді де, уақыт тоқтап күтпейді. «Жаздың бір күні қыстың мың күнін асырайды» дегендей, әрбір шуақ шашқан күн ауыл шаруалары үшін үлкен нығмет десе де болады. Олай деген себебіміз, жауын-шашын,  алай-дүлей дауыл барлығы мал азығын дайындау жолында қарбаласқан еңбекшілер үшін үлкен кедергі.

Көктемде шығым қалай болады деп, сергелдеңге түсіп, жаз бойы алқаптың аптап ыстығында трактордың майын, маңдайдың терін тамызып, шөп шауып, буып, күннің шығыстан шығып, қыр асып ұясына батқан шағын шабындық басынан ғана көрген шаруалар ғана қысқа айындықтың оңайлықпен келмейтінін біледі. Ол күндер де қазір артта қалды. Артта қалды дегеніміз, жұмыс бітіп, арқаны кеңге салып, аяқ босатқанын білдірмейді.

Өйткені, ала жаздай қылған еңбектің нәтижесін қыстақтарға тасу, алқаптың ақ сәлемін ауыл жұртына жеткізу сынды үлкен қызмет өз алдына, төрт-түліктің ауызына тигенше өрт секілді тілсіз жаудан аман тұрсын деген тілегі, уайымы да жоқ емес.


Қазір шаруагерлер табиғат берген ырзықты шашау шығармай, жинап алуға бар күшін салуда. Әр күнді тиімді пайдаланып, тапжылмай еңбек етуде.


Биылғы жылы өткен жылдарға қарағанда шөп ерекше бітік шықты. Ылғалдың мол болуынан шөп шығымы көңіл қуантады. Оны Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметінен байқадық.

Бөлімнің берген дерегіне сүйенсек, Сырым ауданының 404 000 гектар жеріне орақ түскен. Жоспар бойынша 161 500 тонна өнім алу керек болған. Жомарт даланың ырыздығымен шаруалардың еңбегі үмітті ақтап, 2024 жылдың өнімі 173 600 тоннамен орындалып, жоспарланған межеден асып отыр. Өткен жылдан қалған азықты қосқанда, биыл Сырым ауданы қысқа 200 мың тоннаға жуық мал азығымен кіргелі отыр.

Қысқы мал азығын дайындау жұмысына 407 трактор және 686 орақ қатысты.

 – Сырым ауданының атымтай жомарт шаруа қожалықтары қысқы мал азығының тапшылығына байланысты төтенше жағдай жарияланған көршілес аудандарға да көмегін аямады. Оның ішінде Бөкей ордасы ауданының Ұялы ауылдық округіне 1 269 бума шөп тасымалданса, Қазталов ауданына төрт камаз шөп тегін жеткізілді, - дейді бөлім маманы Азамат Айтимов.


Маманның айтуынша, биыл сырымдықтар шөптен кенде қалмайтын сияқты. Бекітілген жоспар орындалып, тұрғындардың басым бөлігі қысқы мал азығын тиянақтап жинап, қаһарлы қысқа сақадай сай отыр.  

Шөптің бумасы бүгінгі күні 5 000-7 000 теңгеден сатылып жатыр. Жалпы айтқанда, шөп шабу науқаны сәтті аяқталып, шөп тасу жұмысы ойдағыдай өтіп жатыр.

Қондыкер Жеңісұлы
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале