24.10.2024, 10:00
Оқылды: 87

Жәнібектің жолдары жаңғыртылып жатыр

Жәнібек ауданына апаратын жол сапасы бүгінде кәдімгідей жақсарған. Өйткені «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жәнібек-Орал арасындағы жолмен қатар аудан ішіндегі жолдарға, сондай-ақ жеті ауылдың кірме жолына асфальт төселген. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловтың әңгімесі былайша өрбіді.

457274689_1084914666971540_7417019939496413249_n

– Жәнібек ауылы ішіндегі жолдардың ұзындығы шамамен 50 шақырымды құрайды. Бұрын бұл жолдың 14 шақырымы ғана асфальтталған еді, енді «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында асфальт жамылған жол 30 шақырымға жетті. Биыл алты көшенің 9,6 шақырымы толық жөндеуден өтті. Алдыңғы жылы 4 көше жолын жаңарту  жұмыстарын сәтті аяқтадық. Бүгінде жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрайтын 10 көшенің жолын жөндеуге қатысты жобалық-сметалық жұмыстар жүруде. Енді Бекей аумағындағы салынған жаңа тұрғын үйлерге жол салсынса, ауыл асфальтпен толық қамтылады. Республикалық маңызы бар жолдың салынуына байланысты 9 ауылдық округ орталықтарының кірме жолдарын жөндеу жұмыстарына басымдық бердік. Осы күні Жәнібек ауданына қарасты тоғыз ауылдың жетеуінде кірме жол жөнделді. Келер жылы Талов пен Жақсыбай ауылдарының кірер жолдары жаңартылмақ. Барлық ауыл тұрғындары енді қатқыл табанды жолмен аудан мен облыс орталықтарына қатынай алады. Қазір республикаларды байланыстыратын халықаралық транзиттік жолмен жүретін көліктер саны көбейіп келеді. Халықаралық қатынастағы жол бойына шағын маркет, жанармай бекеттерін салу үшін ниетті инвесторлар бар. Орал қаласы бағытынан Жәнібек пен Сайхынға бастайтын жолайрықта ірі құрылыс нысаны жүріп, жаңа жоба басталады деген болжам бар. Тасжол іргесінен жер телімін жалға бе­ру құжаттарын дайындап жатырмыз. Болашақта жүргізушілер тынығатын жер, тамақтанатын орын және жанармай бекетін ашу көзделіп отыр, –  деді Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов.

Иә, Жәнібектегі жол мәселесі біраз жылдан бері шешімін таппай келе жатқаны көпке аян еді. Соңғы кезеңдердегі қолға алынған жұмыстар көңілге сенім орнатады. Енді әлде де қаржылай қолдау көрсетілсе жол құрылысының қарқыны бұдан да үдей түспек. Қазір­дің өзінде ауылішілік жолдың  63%-ы толық жөңдеуден өткен.

Мал азығы тасымалданып жатыр

Биылғы қуаңшылыққа байланысты Жәнібек ауданының тұрғындары үшін мал азығы өзекті мәселеге айналды. Ауданға қарасты 9 ауылдық округте шөп шығымы төмен болды. Биыл тамыздың 1-інде төтенше жағдай жарияланып, мемлекеттік қолдау аясында көрші аудандардан шөп әкелу жұмыстары қолға алынды. Жәнібек ауданына жол түскесін бұл мәселенің де жай-жапсарын білмек болып, аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисеновті әңгімеге тарттық.

– Ауданымызда 2015 жылдан бері шөп шығымы төмендей бастады. Шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындардың төрт түлігі мен киік санының  көбеюіне байланысты кей ауыл­дарымызда екі жыл қатарынан мал азығы жетіспеді. Жауынның аз мөлшерде жаууы қуаңшы­лыққа әкеп соқты. Сондай-ақ киіктер шабындықтар мен жайылымдарға зиян келтір­ді. Осыған байланысты жеке тұрғындар­дың малдарына ал­дағы қысқа шөп тасымалы ұйымдастырылды. Ақжайық, Казталов,  Тасқала аудандары­нан әкелінетін шөптің тасымал шығы­нын субсидиялау жүргізілді. Яғни өзге

аудан­дарда шөп құны 6 мың теңге болса, сол бағамен өзіміздің аудан тұрғындарына жеткізіп жатырмыз. Ал үстіндегі жол шығындарын мемлекет төлейді. Кү­ні бүгінге дейін 8 300 бума шөп жетті. Қыстаққа кіретін мал басының санына сәйкес тұрғындарға  сатылды. Сөйтіп, көрші аудандардан шөп әке­лу­дің нәтижесінде ау­данның мал азығына деген мұқтаж­ды­ғы 61 пайызға қамтылды.

Бұл шара сұранысқа байланысты жыл соңына де­йін жалғаса бермек. Ал шаруа қожалықтарына 19 қыркүйектен бастап төрт түлік малдың аналық басына субсидия қарастырылған. Атап айтқанда, ірі қараға жиырма екі мың, жыл­қыға сегіз мың үш жүз, қойға үш мың үш жүз теңге көлемінде қаражат бөлінді. Аудан әкімі аппаратының ресми сайты мен әлеуметтік же­лілер арқылы бұл ақпараттардан барлық ауылдағы шаруа қожалықтары құлағдар. Күні бүгінге дейін аудандағы 418 шаруа қожалығы осынау мемлекеттік қолдауға өтініштерін тапсырып қойды.

Иә, әкім орынбасарларының сөзінің жаны бар. Алдағы қысқа мал азығын дайындап қою қарқынды жүруде. Ешқандай кідіріс жоқ. Тасымалда 30-дай техника жүр.

 19 жанұя күтіп жүр

Жәнібек ауданында әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту мақсатында 28 үй салу жоспарланды. Бүгінге дейін төрт ауылдық округте тоғыз отбасыға баспана берілді. Қалған үйлердің құрылысы жыл аяғына дейін тәмамдалады.

Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Әдиев бұ­ған дейін әлеуметтік осал топтағы отбасыларға көмек ретінде 2020 жылы екі қатарлы көппәтерлі тұрғын үй салынғанын айтады. Қазір ол үйлерде 24 отбасы тұрып жатыр. Мемлекеттік қолдау аясында жалдамалы пәтерге ие болған Тойсын Өмірзақова ел игілігі үшін істелген жұмыс жөнінде былай дейді:

– Бұл үйде тұрып жатқаныма төрт жылдан асты. Даун синдромымен ауыратын баламыз екеуміз үшін бұл – жайлы баспана. Пәтердің айлық құны – 9 мың теңге. Балама қарайлау үшін жұмысқа да орналаса алмадым. Қазір тек балама берілетін жәрдемақымен ғана күн көріп отырмыз. Пәтердің айлық ақысы  арзан және балама білім бе­ру үшін арнайы мамандар үйге  келіп сабақ береді. Түстен ке­йін дамыту орталығы қызмет­керлері ұлымның таным-түй­сіктерін дамыту мақсатында тысқа шығарып, серуендетіп келеді. Пәтерімізде барлық жағдай бар, аулада балалар ойнайтын алаңқайы да жұмыс істеп тұр. Осындай қамқорлық үшін мемлекетімізге, аудандағы жауапты қызметкерлерге алғысым шексіз – деді Т. Өмірзақова.

Осы күндерде Жәнібек ауданында жалдамалы пәтердің айлық құны шамамен 60-70 мың теңге көлемінде екен, бұл әлеуметтік осал топтағы кей отбасыларға оңай тимейтіні белгілі. Ал бүгінде құрылысы қызу жүріп жатқан жоғарыда айтқан 28 үй жыл аяғында пайдалануға берілсе, тұрмысы төмендеу жанұяларға үлкен қолдау болатыны сөзсіз.

Нұрым Ғұмар

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале