24.10.2024, 17:10
Оқылды: 86

Ақобалық тұрғындар баспаналы болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Қазақстан халқына Жолдауында әркез халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті екенін атап өткен болатын.

image-24-10-24-01-22-8

Осы орайда ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету үшін республикалық бюджет есебінен кезекте тұрған азаматтарға тұрғын үй сатып алу бағдарламасы аясында аудан көлемінде тұрғын үйлер бой көтеріп жатқаны мәлім.

Бүгін ақобалық ағайындар үшін қуанышты күн болды. Президенттің тапсырмасын негізге ала отырып «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 жылдан 2029 жылға дейінгі» тұжырымдамасына сәйкес құрылысы жоспарланған 38 тұрғын үйдің төртеуі ақобалық ағайынға бұйырды.

image-24-10-24-01-22-7

Жаңадан бой көтерген тұрғын үйлердің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов пен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Манарбек Әдиев қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісіп қайтты.

– Баршаңызды еліміз үшін маңызды мереке – Республика күні қарсаңындағы көптен күткен үлкен қуанышпен шын жүректен құттықтаймын! Тұрғын үйлердің құрылысы межеленген уақытқа сай аяқталып, жылыту маусымы басталған тұста жерлестеріміздің заман талабына сай салынған, кең де жарық әрі жылы баспананың иелері атануының куәсі болып отырмыз. Пәтер иелеріне жаңа үйлеріңіздің іргетасы мықты, керегесі кең, шаңырағы биік болсын дейміз. Ішінде құт-береке дарып, молшылық пен қуаныш ұдайы салтанат құрсын. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қазақстан халқының өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты тапсырмалар беріп, жолдаудан туындайтын міндеттер үнемі басты назарда екенін атап өтті. Біздің де мақсат – аудан тұрғындарына жайлы өмір сүруге жағдай жасап, жан-жақты қолдау көрсету. Аталмыш сәтті пайдалана отырып, құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігерлерге алғысымды білдіремін, - деп Мирболат Бауыржанұлы тұрғын үйлердің кілтін салтанатты түрде табыстады.

image-24-10-24-01-22-1

Баспана иелері атынан сөз алған, бүгінде еңбегінің жемісін көріп отырған зейнеткер Бақыт Бақтыгереева мемлекеттік бағдарламаның ауданда жүзеге асуына ықпал еткен аудан басшылығына ризашылығын білдірді. Кейін пәтердің құрылыс жұмысын атқарған ауыл тұрғыны Абай Жұмақұлов та құттықтау сөзін сөйлеп, жаңа пәтер иелеріне газ плиталарын сыйға тартты.

Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Таңатарұлының айтуынша, бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы тұрғын үйлерді сатып алу бойынша рәсімдер атқарылуда. Тұрғын үйлерді сатып алуға жалпы 537 млн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 424 млн 783 мың теңге, облыстық бюджеттен 112 млн теңге қаражат бөлінген.

image-24-10-24-01-22-4

Пайдалануға берілген және салынып жатқан тұрғын үйлер 3 бөлмелі, жалпы ауданы 80 шаршы метрді құрайды. Жыл аяғына дейін қалған 15 пәтердің құрылысы толығымен аяқталып, 1200 шаршы метр пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Әрмен қарай қызыл лента қиылып, жаңа шаңырақтарда ақ дастархан жайылып, үлкендер ақ баталарын берді.

Арай Сейфолла

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале