Бүгін Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты Өнеге елді мекенінде Өнеге бөлімше кітапханасының жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті.
Қазақстан Республикасы күні мерекесіне орай ашылып жатқан ғимараттың салтанатына аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Біржан Қуанәлиев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев, Күйгенкөл ауылдық округінің әкімі Асылбек Базарбаев пен ауыл тұрғындары қатысты.
Құттықтау сөз сөйлеген Жақсылық Каримоллаұлы:
– Қайырлы күн, құрметті жерлестер, өнегеліктер! Баршаңызды Республика күні мерекесімен құттықтаймын. 1990 жылы 25 қазанында республикамыздың егемендігі туралы декларация қабылданды. Аталған декларация тәуелсіздігімізге жол ашты. Сол кезеңнен бастап еліміз егемен, тәуелсіз мемлекетке айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен Республика күні мерекесі ұлттық мерекелер қатарына қосылып, сол күні елімізде түрлі салтанатты шаралар, еліміздің егемендігін айшықтайтын істер өткізілуде. Мереке аясында Өнеге ауылында жаңадан кітапхана ғимараты бой көтеріп, пайдалануға беріліп отыр. Сондай-ақ бүгін елімізде кітапханашылардың кәсіби мерекесі атап өтіледі. Осы орайда кітапханашылардың жұмыстарына табыс, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеймін. Кітапхана ғимараты тек кітапхана емес, ол Өнеге аулындағы рухани орталық болады деп сенеміз. Алдағы уақытта осындай кітапханалар Жасқайрат, Жұмаев ауылдарында тұрғызу жоспарда бар. Ісімізге сәттілік тілейміз! - деп кәсіби мерекеге орай облыстық Жұбан Молдағалиев, Хамза Есенжанов атындағы кітапханалар атынан алғысхаттарды Альбина Хамитқызына, Әлия Серікқызына, Айымгүл Шамұратқызына табыстады.
Келесі сөз кезегін Жәнібек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Светлана Джукина алып, әдемі тілегін жеткізіп, аудан басшылығына зор ризашылығын білдірді.
Шара барысында күйгенкөлдік күміс көмей әнші Әсем Ғайнуллина «Ақ көңіл қазағым-ай» әнін орындаса, кітапхананың кішкентай бүлшіндері өлең жолдардан шашу шашты.
Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов пен Өнеге ауылының еңбек ардагері, зейнеткер Сақыш Татранова ғимараттың лентасын қиды. Шашу шашылып, жиналған жұрт ішке қарай кіріп, кітапханамен танысты.
Сонымен қатар «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Біржан Қайырғалиұлы «Кітап аманаты» партиялық жобасы аясында орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне кітаптар сыйға тартты.
Айта кету керек, ел азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты Есқайыр Елемесов кітапхана ғимаратының құрылысын жүргізсе, құрылыс жұмыстарына қаржы аудандық бюджеттен бөлінді. Жыл басында Еңбекші елді мекеніндегі кітапханаға жөндеу жүргізілді.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы