24.10.2024, 23:15
Оқылды: 146

Жалпақталда Республика күні тойланды

Бүгін 25 қазан – Республика күніне орай Жалпақтал ауылында «Елдігі мәңгілік – Қазақстан!»  деген атаумен мерекелік концерт өтті. Қазақстан Республикасының Гимні орындалғанда зал толы көрермен қолдарын жүректеріне қойып сахна төрінде орналасқан мемлекеттік туға тіке қарап Гимнді қосыла шырқады.

IMG_3082

Еңселі егемендігіміздің, тұғырлы тәуелсіздігіміздің және айбарлы азаттығымыздың айғағығындай болған ұлттық мерекеміз Республика күнін салтанатпен қарсы алған жалпақталдық ағайындар мерекелік концертке бір кісідей жиналды.

Салтанатты шарада ауылдастарды 25 қазан – Республика күні мерекесімен құттықтаған аудан әкімі Асланбек Сарқұлов пен Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғаділбек Әлібеков әріптестері арамында қарапайым адал еңбегімен еленіп, егеменді елімізге еселі үлес қосқан бір топ жалпақталдық ағайындарға марапаттар табыстады. Марапаттау рәсімі аяқталысымен Республика күніне арналған «Елдігі мәңгілік – Қазақстан!» атты мерекелік концерт басталып, көрерменге Алаш қайраткерлерінің тағдырлы ғұмыры бейнеленген «Ел рухы» композициялық қойылымы ұсынылды. Одан кейінгі мерекелік нөмірлерде рухты әндер мен ұлттық билерге кезек беріліп, туған ел мен оның топырағына деген сүйіспеншілікті оятатын әсерлі бағдарламалар концерт ажарын аша түсіп, Казталов балалар музыка мектебінің этнофольклорлық ансамблі Дәулеткерейдің «Көреғұлы» күйін тамаша орындады.

IMG_3084

Әні мен күйі, биі мен қойылымы үндескен мерекелік концерттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны соншалық, бір де бір көрермен орындарынан қозғалмай тапжылмастан тыңдады. Халық әні «Ой көкті» орындаған аудандық вокалды-аспаптар ансамблін де көрермен қауым жылы қабылдады. Концерт финалы Ескендір Хасанғалиевтің әйгілі «Атамекен» әнімен қорытындыланып, талғамы биік көрермендер барлық өнерпаздарға ыстық ықыласпен қол соғып қошемет көрсетіп отырды. Осылайша жалпақталдық көрермендерге арналған аудан өнерпаздарының  мерекелік концерті аяқталып, өз мәресіне жетті.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале