Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты Өнеге елді мекенінде Кітапханашылар және Республика күніне орай «Менің таңдауым – кітапханашы мамандығы» атауымен аудандық байқау өтті.
Құттықтау сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев қос мерекемен, сонымен қатар Өнеге кітапхана бөлімшесіне берілген жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, байқау қатысушыларына сәттілік тіледі.
Байқауға қатысқан үміткерлер реттік сандарын анықтап, 5, яғни «Кітапхана менің өмірімде» атты өзін-өзі таныстыру, «Оқушыны кітап оқуға қызықтыру жолдары» тақырыбына реферат жазып, ауызша немесе электронды презентация арқылы қорғау, «Менің мамандығым – кітапханашы» кітапханашы, кітапхана қызметі, мәдениеті жайлы сұрақ-жауап, «Кітапханашының жұлдызды сәті» аясында өз өнерлерін көрсету, «Кітапханашының – дәмді тағамы» отбасында дайындайтын сүйікті тағамдарын дайындау кезеңдеріне қатысып, бақ сынады.
Барлығы сегіз үміткер қатысқан байқауда І орынды аудандық модельді балалар кітапханасының кітапханашысы Мөлдір Ақпанова, ІІ орынды орталықтандырылған кітапханалар жүйесі балалармен жұмыс жүргізуші әдіскері Сымбат Душкенова, ІІІ орынды Қамысты модельді ауылдық кітапханасының кітапханашысы Айна Әбілкәрімова алды. Басқа қатысушылар түрлі аталымдармен марапатталды.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы