Достық үйінде «Волонтерлік кеңістік: даму мүмкіндіктері мен перспективалары» тақырыбында БҚО еріктілері форумы өтті. Іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадырәлиев, «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты БҚО филиалының төрағасы Архат Исламғалиев, БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Аңсар Ибраев, Орал қаласының жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дулат Жүсіпқалиев және шаһардағы 150-ге жуық белсенді ерікті қатысты.
Қазіргі таңда дүниежүзі бойынша 1 миллиардтан астам адам волонтерлік жұмыспен айналысып, әлемнің дамуына өз септігін тигізуде. Демек бұл әлемдегі әрбір сегізінші адам ерікті деген сөз.
Халықаралық дәрежеде Біріккен ұлттар ұйымы, оның ішінде республикалық деңгейде Мәдениет және ақпарат министрлігі, қоғамдық даму басқармасы әрбір еріктінің бастамасына қолдау білдіріп, бірлесе жұмыстануда. Форум Батыс Қазақстан облысы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және «Орал студенттер альянсы» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен жүзеге асқан.
– Қазіргі таңда облыс бойынша 187 мың жас болса, соның 10 мыңнан астамы ерікті. Жалпы қай уақытта да жақсылық жасауға ұмтылатын волонтерлердің арқасында біздің әлем ізгілікке бөленіп, нұрлана түседі. Бүгінгі форумның басты мақсаты – Батыс Қазақстан облысы волонтерлерінің басын қосып, іс тәжірибе алмасу болып табылады. Өңіріміздегі белсенді ерікті жастар экология, әлеуметтік қолдау, білім беру, мәдениет және спорт сияқты түрлі бағыттарда жұмыс атқаруда. Олар апатты жағдайларда көмек көрсетіп, қайырымдылық жобаларын ұйымдастырып, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне үлес қосып келеді. Мысалы, биыл өңіріміз «Taza-Qazaqstan» экологиялық жобасы жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Сонымен қатар еріктілердің қатысуымен ұйымдастырылған қайырымдылық шаралары әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға үлкен қолдау көрсетті. Оларды бір арнаға тоғыстырып, басын біріктіріп, Батыс Қазақстан облысы еріктілерінің өңірлік фронт-кеңсесін ұйымдастыруда жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың рөлі зор, – деді БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Аңсар Ихсанұлы.
Жастар арасындағы еріктілер қозғалысы әлеуметтік жауапкершілікті арттырып қана қоймай, олардың жеке дамуындағы маңызды баспалдаққа айналды. Бұл – ерікті азаматтардың қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Бұл жастарға өз әлеуетін ашуға, дағдыларын дамытып, болашақта кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік беріп келеді.
– Бүгінгі форумның мақсаты – жастардың өз қабілеттерін дамыту мен өмірлік тәжірибе жинақтау алаңын құру. Еріктілердің қатысуымен өтетін жобалар арқылы жас буын қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге белсенді қатысып, болашақта мықты басқарушы, көшбасшы болуға дайындалады. Әлеуметтік лифт ретінде волонтерлік қызмет жастардың мансаптық жолында алғашқы қадам жасауының маңызды құралына айналды. Аталмыш іс-шараға 150-ден аса белсенді ерікті, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысуда. Тағы бір қуантарлық жайт, биыл егде жастағы азаматтардан құрылған «Күміс» еріктілер ұйымының қатысушылар саны артып келеді.
Сондай-ақ өңірдегі белсенді еріктілерді марапаттап, оларға естелік сыйлықтар табыс етуді қалыпты үрдіске айналдырмақпыз, – деді «Орал студенттер альянсы» корпоративтік қорының директоры Тасболат Серікқалиев.
Форумнан кейін «Төтенше жағдайлардағы ерікті қызметі», «Тиімді команда құрудың заманауи тәсілдері», «Кәсіби даму: жеке брендтегі дамыту мүмкіндіктері» тақырыбында секциялық отырыстар өтіп, қатысушы ерікті жастар бір-бірімен тәжірибе алмасты.
Нұрым Ғұмар
zhaikpress.kz