24-27 қазан аралығында Ресей Федерациясының Волгоград қаласында бокстан КСРО шебері Николай Макиенконы еске алуға арналған ашық турнир өткен болатын.
Турнирге шет мемлекет, яғни Әзірбайжан, Армения, Қырғызстан, Қазақстан, Ресей елдерінен келген барлығы 190-ға жуық спортшы қатысты. Жәнібек ауданынан тоғыз жас спортшы бақ сынады.
Нәтижесінде 32 келі салмақта Мерейхан Қамит – І орын, Бекназ Қамидолла – ІІІ орынды алды. 34 келіде Азизхан Қадыр – І, Нұрислам Алпыс – ІІ орыннан көрінді. 46 келі салмақ дәрежесінде Дәулет Нұрлан – ІІІ, 52 келіде Жарас Тастанов – ІІІ орынды иеленді.
Мерейхан Қамит «Үздік боксшы» аталымын иеленіп, кубок жеңіп алды. Сонымен қатар Жәнібек командасы үздік деп танылып, теледидарға ие болды.
Жас спортшыларды жаттықтырып жүрген бапкер Нұрбек Орынбаев жас спортшыларға қолдау көрсетіп, жарысқа қатыстыруға ықпал еткен ата-аналары мен жеке кәсіпкер Алтынбек Исаевқа алғысын білдірді.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы