Бүгін Казталов балалар музыка мектебінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, ақын, әнші Хатимолла Бердіғалиевтің дәстүрлі ән бойынша шеберлік сағаты өтті.
Әнші Хатимолла Бердіғалиевтің ән қоржынында қазақтың үш жүзден астам кең тынысты қажет ететін халық әндерімен қатар өткен ғасырдан сыр шертетің терең философиялық мән-мағынаға толы Бұхар, Базар, Қашаған жыраулардың терме жырлары, Мұхиттың, Ғарифолланың, халық композиторларының әндері де бар.
Шеберлік сағатта әнші дәстүрлі ән сабағында қолданылатын әдіс-тәсілдер, дәстүрлі ән орындауда тыныс алу жолдары мен иірімдері, ән үйрену кезінде мимикалық және дикциялық жаттығулар жөнінде және дыбыстарды дәстүрлі әнде дұрыс пайдалану жөнінде балаларға үйретті.
Кездесу барысында оқушылар дәстүрлі әншінің өнер жолына қызығушылық танытып, сұрақтарын қойды.
Кездесу соңы Хатимолла Жәңгірұлының орындауындағы Абайдың «Жаз» әні және ізін басқан шәкірті Мирас Бақтығұловтың орындауындағы «Түнгі серенада» әнімен аяқталды.
Гүлнұр Бөлешова,
Казталов ауданы