Орал қаласындағы «Сұңқар» полигонында 99250-әскери бөлімі, аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамдары қорытынды тексеруден өтті.
ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес ұйымдастырылған іс-шарада 99250-әскери бөлімінің сарбаздары жыл бойы өткізілген сабақтар бойынша сынақ тапсырды.
ҚР Қарулы күштерінің бұйрығына сәйкес ұйымдастырылған қорытынды тексерісте әскери қызметшілер жауынгерлік техникаларды жүргізу, әскери топография, радиациялық-химиялық қорғау, саптық, тактикалық, дене шынықтыру және мемлекеттік-құқықтық даярлық сынды бірнеше кезеңнен тұратын кедергілерден өтті.
— «Жаттығуда тер төксең, соғыста қиналмайсың» дегендей, бүгін сарбаздардың жауынгерлік әзірлігі мен қабілеттерінің деңгейі бағаланды. Олар жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндерінен сынақ тапсырып, дағдылары мен білімдерін іс жүзінде дәлелдеді. Әрбір сарбаз-сардар бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Сол себепті жыл сайын кешенді тексеріс жүргізу арқылы біз әскеріміздің жауынгерлік дайындығын жетілдіріп, кәсіби шыңдалған әскери қызметшілерді дайындай аламыз.
Биыл да әскерилердің саптық дайындығынан бастап, қоян-қолтық ұрыстан қабілеттерін бақыладық. Бұған қоса қатысушылар атыс даярлығынан нормативтерді орындап, теориялық жағынан білімдерін көрсетті. Оларға Батыс өңірлік қолбасшылығынан тексеріске келген подполковник В. Подгайченко мен подполковник Р. Жакуденов төрелік етті, – деді №99250 әскери бөлімінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімінің аға сардары (офицері), майор Азамат Үсенбаев.
Аружан Аманжол
zhaikpress.kz