Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші орган – тәлімгерлер кеңесінің отырысы өтті.
Отырысқа алғаш рет басшылық лауазымға тағайындалған мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызметтің ардагерлері қатысып, мемлекеттік басқару саласындағы білім-тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесудің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтегі дәстүр сабақтастығын сақтау, жұмысқа жауапты әрі кәсіби көзқарасты нығайту болды.
Мемлекеттік қызметтің ардагерлері этикалық нормалар мен қағидаттарды ұстанудың, басқарушылық шешімдер қабылдауда және азаматтармен қарым-қатынаста жоғары стандарттарды сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, азаматтардың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыру және мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
«Біз мемлекеттік басқарудың дамуына жаңа серпін беретін жаңа буын басшыларын қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Жаңашыл көзқараспен қатар, сіздер халыққа қызмет етуге септігін тигізген тәжірибе мен дәстүрлерге де құрметпен қарасаңыздар дейміз», – деп атап өтті департамент басшысы Мұрат Байсалов.
Отырыста жас басшылар тәлімгерлермен ұжым басқарудың тиімді тәсілдері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қолдану, мемлекеттік мекемелердегі процестерді ұйымдастыру және жұмыс тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.
Тәлімгерлер мемлекеттік қызметтегі ашықтық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын ұстанудың маңыздылығын атап өтті. Олар мемлекеттік қызметте табысқа жетудің ажырамас бөлігі саналады.
Отырысты қорытындылай келе, департамент басшысы Мұрат Байсалов тәлімгерлерге мемлекеттік аппараттың дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдіріп, жас мамандарға сапалы кадрлық әлеуетті қалыптастыруда тәлімгерліктің маңыздылығын атап өтті.