Кешегі аптада ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаев ел бойынша таңдаулы мектеп директорларын жинап, бірге білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылады. Кездесуді орта білім беру комитеті ұйымдастырды. Министрлік үйінде өткен жиынға Көздіғара негізгі мектебінің директоры Жақсыгелді Қайыров қатысты.
Оқу – ағарту Министрі Ғани Бейсембаев әріптестерімен кездесуде мектептердің қоғамдағы рөлі артқанын айтты. «Мұғалім – мектептің жүрегі» - деген сөз де заманға сай түрленген. Мұғалім – қазір мектептің жүрегін ғана емес, бұқаралық шаралардың қатысушысы, қоғамдық тәрбиешіге айналған. Әсіресе, бірқатар мектеп басшылары әріптестерінің полиция қызметкерімен бірге түнгі рейдтерге шығуына қарсылық білдірді.
– Педагогтар күндіз өнімді еңбек етеді. Оқушының алдында сабақ түсіндіреді, шараларын ұйымдастырады. Тәртіпті қадағалап, орган қызметкерлерімен бірге түнде рейдке шығады. Неліктен полиция мен ата-ананың міндетін мұғалім орындауы тиіс? – деп сұрақ қойды министрге директорлар.
Бұдан бөлек, мектептердегі кураторлық тәжірибені жалғастыру-жалғастырмау, сынып жетекшілерінің еңбекақысын көтеру, жас педагогтарды жұмысқа қабылдау талаптарын жеңілдету, конкурста мұғалімнің санатын есепке алмау, көркем еңбек кабинеттерін жарақтандыру секілді мәселелер айтылған.
Жақсыгелді Қаденұлы да өз кезегінде елдің бас мұғаліміне бірқатар ұсынысын білдірген:
– Магистр дәрежесі бар мектеп басшылары мен олардың орынбасарларына өздері пән мұғалімі ретінде сабақ беретін пәндері бойынша қосымша төлемақының төленбей отырғаны туралы айттым. Ақпан айында Ақтөбе қаласында өткен батыс аймақтағы мектептердің директорларының форумында осы мәселені көтерген едім. Бұл мәселе тек Батыс Қазақстан облысы бойынша шешімін таппай отыр. Бұдан бөлек, шағын жинақты ауыл мектептерінің материалдық базасына министрлік деңгейінде көңіл бөлуді, мектептердің арғы жағында ауыл тағдыры тұрғанын айттым. Барлық сауал бойынша талдау жасалып, оң шешімдер қабылдайтынын айтты министр, – дейді Жақсыгелді мырза.
Көздіғара мектебінің директоры осы сапарында еліміздегі білім беру саласының өркендеуі мен бала тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбегі үшін министрдің алғысхатымен марапатталды.
Бауыржан Ширмедиұлы
Сырым ауданы