7.11.2024, 16:00
Оқылды: 83

Жаңақала жолы қашан жөнделеді?

Кеңдікке, еркіндікке үйренген жанымыз қаланың қапас тірлігіне көндіге алмай, ата-қонысымыз ауылға бет алдық. Жайлы көлік бесіктей тербеп келеді. Қаладан шыққанымыз сол еді, жүргізуші рациясын қосты.

Жол ЖП Шыңғырлау

Сурет сайт архивінен / zhaikpress.kz

– Жол тыныш па, жігіттер?

– Щаповтың тұсында бір «шериф» тұр...

– Будариннен қалаға қарай бір «простой» бара жатыр...

Менің түсінбегенімді байқаған таксист түсіндіріп жатыр:

– Жол инспекторлары ғой, камерасы барын «шериф», жоғын «простой» дейміз.

Рация арқылы жол жағдайын біліп отырған таксистер МАИ қызметкерлері жоқ жерде жылдамдықты біраз көтеріп алады да, бар жерде жылдамдықты азайта қояды екен. Айыппұл арқаламаудың айласы ғой. МАИ қызметкерлерінің құлағына алтын сырға...

Жайлы отырысымыз Чапаев ауылынан аспады. Онан кейін де жолдың соқпасы болғанымен, көлік жылдамдығы қалыпты болды, полиция жоқ жерде рация да тынышталды.

– Аудан шекарасына келдік. Енді Қызылобаға дейін жол бомба түскендей, мұқият отырыңыздар, – деді жүргізуші.

Жан тәтті ғой, біріміз рентгенге түсердей демімізді ішке терең алып, біріміз соққы күткен боксшыдай ішімізді тартып, сақтанған болдық. Шұңқырлардан үрейіміз ұшпасын деп көзін жұмып алғандар да бар. Дүрс-дүрс... Шоқалақты бүкіл ағзамызбен сезініп, қашан бітер екен деп келеміз.

– Күнім жақын еді, құдай-ай, мына шоқалақ...

– Менің ішім бүріп, үйге қа-шан  жетем  деп  келе  жатыр  едім...

– Шыда, не болса да үйге жеткесін бір көресің...

Мына күбірді естігенде, қарадай құтым қашып отыр.

– Қызылобаға келдік, еркін отырыңыздар...

Жер-жерден «уһ» деп жатырмыз.

Жайлы отырысымыз ұзаққа созылмады. Пятимардың тұсындағы жолды жөндейміз деп қопарып тастағандары қашан, әлі сол күйінде жатыр екен. Тарс-тұрс, дөңгелектен ұшқан қиыршықтас көлік астына қарша борап келеді.

Аудан шекарасынан Қызылобаға дейінгі шұңқырлы жолды алдымен жөндемей, тегіс жерін қопарып тастаған жолшылар мен басшылар ісіне түсінбей келемін. Қопарғандарына да ай болды, неге жөндемейді? Басшылар қайда қарап отыр, жөндеуге бөлінген қыруар қаржы тендерін жеңіп алған жөндеушілерден жұмыс сұрамай ма, жеделдетіңдер деп құлақтарын бұрамай ма? Әлде...

«Ауыздарын жауып қойды ма?» деген ұры ой көмейге кептеледі. Құдай сақтасын! Біздің басшылар ондай емес еді ғой.

Байқағаным, ақжайықтық жолшылар өз территориясындағы жол тесіктерін жамап қойыпты.

Құдды бір бала кезіміздегі әжеміздің жыртылған шалбарымыздың тізесін жамағанындай. Жақында облыс әкімі Жаңақалаға келіп кетті ғой, сол кездегі асығыс қарекеттері шығар. Біздің жолшыларда  ол  да  жоқ.

Биыл біздің жолды жөндеуге қанша қаржы бөлінді? Ол игеріле ме?

Оған жауап беріп жатқан жолшылар жоқ. Ел көкейіндегі жалғыз сұрақ: Жаңақала жолы қашан жөнделеді? Біреу білетін шығар...

Өмірзақ Ақбасов

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале