8.11.2024, 9:45
Оқылды: 60

Үкіметте 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысы қаралды

Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті министрлер мен өңір әкімдерінің қатысуымен 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі бойынша кеңес өткізді. Басты міндет – су тасқынына дайындықты қамтамасыз ету және халық пен инфрақұрылымға қауіп-қатерді азайту. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі жазды.

IMG_1119

Суреттер: Үкімет

Жылдағы қауіпті жерлерде орын алуы ықтимал су тасқыны жағдайының алдын алу бойынша дайындық шаралары жүргізілуде. Атырау, Қостанай, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері және экология және табиғи ресурстар, төтенше жағдайлар, көлік министрлері, сондай-ақ су ресурстары және ирригация вице-министрі баяндама жасады.

Гидрологиялық болжамдарға сәйкес, қыста температура режимі климаттық норма шегінде болып, жауын-шашын мөлшері көпжылдық нормадан асады деп күтілуде. 2025 жылғы су тасқыны кезеңін болжауды жақсарту мақсатында «Қазгидромет» РМК су басу қаупі басым өзен учаскелерінде 31 деңгейлі гидрологиялық бекет ұйымдастырылып, ашылды. Бүгінгі таңда 377 гидрологиялық бекет, 25 қар өлшегіш маршрут және 347 метеорологиялық станса жұмыс істейді. 9 облыста коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстау және оларға қызмет көрсету бойынша мамандандырылған ұйымдар құрылды. Өзендер үшін «HBV» және «SWIM» сандық модельдерін бейімдеу бойынша жұмыстар жалғасуда, бұл алдағы су тасқыны кезеңінде су басу қаупі бар аймақтарды анықтау мүмкіндігімен судың күтілетін ең жоғары деңгейін көрсете отырып, гидрологиялық болжам жасауға мүмкіндік береді.

Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 95 км каналды механикаландырылған тазарту жұмыстары жүргізілді. Өзендердің 51 учаскесі және 10 облыста 1 көл анықталды, онда бірінші кезекте өзендердің арналарын санациялау қажет. Орталық, солтүстік және батыс өңірлердегі өзендердің басым учаскелерінде топографиялық түсірілім және жайылмалар мен арналардың батиметриясы жүргізіледі. Жұмыстар аяқталғаннан кейін деректер FLOOD.GHARYSH.KZ су тасқынын модельдеу жүйесіне жүктеу үшін ЦДИАӨМ-ге жіберіледі.

Жергілікті атқарушы органдар 1110 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, нығайтылды, оның 275 шақырымы 2025 жылғы су тасқыны маусымына дайындалған. Биылғы тәжірибе мен апат ауқымын ескере отырып, 63 мыңнан астам адам жұмылдырылды. Сондай-ақ шамамен 7 мың бірлік техника тартылды.

Су тасқыны қаупі бар учаскелерде автожолдарды реконструкциялау және жөндеу кезінде топырақ төсемі үйіндісін биікттету, қосымша көпірлер мен су өткізгіш құбырларды орнату, су өткізгіш құбырлардың диаметрлерін және олардың санын ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бүгінде реконструкция жүргізілген нысандарда 63 көпір салынып, 324 су өткізгіш құбыр төселді. Республикалық жолдарды орташа жөндеу шеңберінде 6 апатты көпірді күрделі жөндеу және су тасқыны қаупі бар учаскелерде 420 су өткізу құбырын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ол бойынша барлығы 396 су тасқыны қаупі бар учаскелер, 68 көпір және 768 су өткізу құбырлары анықталып, ерекше бақылауға алынды.

Сонымен қатар ТЖМ-нің өңірлердегі су тасқынына қарсы іс-шаралардың іске асырылу барысын тексеру нәтижелері бойынша Олжас Бектеновке инженерлік жоспарларда көзделген бірқатар жұмыстардың орындалмағаны туралы баяндалды.

Олжас Бектенов жергілікті жерлердегі жұмыс қарқынын сынға алып, олар тиісті деңгейде жүргізілмей жатқан өңірлердегі инфрақұрылым мен гидротехникалық құрылыстарды дайындау бойынша алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Премьер-министр мұндай тәсілге жол беруге болмайтынын атап өтті. Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарының әкімдеріне бір ай мерзімде жоспарланған шаралардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Өңір әкімдері қысқа мерзімде су тасқынына қарсы іс-шараларды жүзеге асыру бойынша барлық кешенді шараларды қабылдауы тиіс. Ең алдымен, су бұру арналарының, арықтар мен дренаж жүйелерінің дайындығын қамтамасыз ету қажет. Тасқын қаупі бар елді мекендер маңына топырақ бөгеттер тұрғызылып, үлкен судың келуінен қорғалуы тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр су тасқыны қаупі бар елді мекендерді қорғауды қамтамасыз ету, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің жеткілікті қорын дайындауды тапсырды. Дәл осындай шараларды көлік қатынасы үзіліп қалуы мүмкін жерлерде де қабылдау керек. Қыс мезгілінде, әсіресе ауылдық елді мекендерден қарды уақтылы шығаруды ұйымдастыру тапсырылды. Су тасқыны маусымына арнайы және инженерлік техника алдын ала жұмысқа сақадай сай тұруы тиіс. Сонымен қатар жергілікті бюджеттерде ықтимал төтенше жағдайларға қаражат қарастырып, қажетті ресурстарды дайындау маңызды.

Су ресурстары министрлігінің алдына су қоймаларын толтыру көлемін бақылауды қамтамасыз ету, қажет болған жағдайда суды қауіпсіз ағызу жөнінде шаралар қабылдау міндеті қойылды. Көрші мемлекеттермен су шығыны және трансшекаралық өзендерде қауіптердің туындауы туралы үнемі ақпарат алмасу ұйымдастырылады.

Төтенше жағдайлар министрлігіне «Көктем–2025» оқу-жаттығуы шеңберінде су тасқыны жағдайының күрделенуі кезінде нақты іс-қимылдар алгоритмін пысықтау, оның ішінде жедел ден қоюға арналған күштер мен құралдар топтамасын айқындау тапсырылды. Премьер-министр ТЖ аймақтарына, оның ішінде теміржол және әуе көлігімен күштер мен құралдарды жеткізудің нақты тетігі қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ жарылғыш заттар мен инертті материалдардың қорын дайындау, құлақтандыру жүйелерінің дайындығын тексеру, эвакуацияланатын халықты қабылдау пункттерін анықтау және тұрғындарды белгіленген орындар туралы алдын ала хабардар ету, ауыл шаруашылығы жануарларын айдап апару үшін қауіпсіз учаскелерді қарастыру тапсырылды.

Олжас Бектенов төтенше жағдайлардың салдарын жою, оның ішінде залалды өтеу кезінде ден қою мәселесіне жеке тоқталды. ТЖМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы бағыттағы мәселелерді шешу тетіктерін пысықтау қажет.

Сондай-ақ елді мекендерге қауіп төнген және су басқан кездегі өзін-өзі ұстау, қауіпті аймақтардан қауіпсіз жерлерге көшіру ережелері туралы халықты уақтылы және сапалы хабардар ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Мәдениет және ақпарат министрлігіне тиісті тапсырмалар берілді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале