"Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Палестина мәселесін реттеу және Ливандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша Араб мемлекеттері лигасы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) бірлескен кезектен тыс Саммитіне қатысты", - деп хабарлайды ҚР сыртқы істер министрлігі.
Фото: ҚР сыртқы істер министрлігі
Іс-шара барысында мүше мемлекеттердің өкілдері геосаяси ахуалды, ислам әлемі алдында тұрған сын-қатерлер мен қауіптерді, соның ішінде Таяу Шығыстағы ағымдағы оқиғаларды талқылады.
Өз сөзінде М. Нұртілеу ИЫҰ-ның өңірдегі мұсылман үмбетінің елдерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріне белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтіп, ИЫҰ мен Араб мемлекеттері лигасы мүшелерін ағымдағы қақтығыстарды тез арада реттеу бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуге шақырды.
ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы халықаралық қауымдастықтың Голан шыңдарында, Ливанда және әлемнің басқа аймақтарындағы БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларының маңызды рөлін естен шығармауы керектігін ерекше атап өтті.
Осыған байланысты БҰҰ-ның бітімгершілеріне және дипломатиялық миссияларға жасалған шабуылдардың халықаралық және гуманитарлық құқықтың өрескел бұзылуы болып табылатындығы және оған жол бермеу қажеттілігі аталып өтті.
Қазақ делегациясының басшысы сондай-ақ ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерді Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін пайдалануға және зардап шеккен Палестинаның тұрғындарына азық-түлікпен көмек көрсету үшін осы Ұйымның қаржы жинау бастамасын қолдауға шақырды.
Саммит аясында ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы Бруней Сыртқы істер министрі Эриван Юсуфпен, Гвинея-Бисау Сыртқы істер министрі Карлос Пинто Перейрамен, Кувейт Сыртқы істер министрі Абдулла Али Әл-Яхьямен, Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен, Мали Сыртқы істер министрі Абдулай Диоппен, Марокко Сыртқы істер министрі Нассер Буритомен, Оман Сыртқы істер министрі Бадр бин Хамад Әл-Бусаидимен, Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрі Файсал бин Фархан Әл Саудпен және Тунис Сыртқы істер министрі Мұхамед Али Нафтимен екіжақты кездесулер өткізіп, олардың барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Анықтама: Араб мемлекеттері лигасы - ИЫҰ алғашқы кезектен тыс Саммиті 2023 жылғы 11 қарашада Ар-Рияд қаласында (Сауд Арабиясы) өтті. Кездесудің нәтижесі бойынша қорытынды қарар қабылданып, Газадағы әскери іс-қимылдарды тоқтатуға және Палестина халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Газа секторы бойынша Министрлік байланыс тобы құрылды.