12.11.2024, 19:00
Оқылды: 78

Жәнібек ауданы басшылығының есептік кездесуі Күйгенкөл ауылында жалғасты

Өткен аптада басталған Жәнібек ауданы басшылығының есептік кездесуі бүгін Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты Өнеге, Көлтабан, Құрсай елді мекендерінде жалғасты.

image-12-11-24-06-09-3

Жиынды ашқан аталған ауылдық округтің әкімі Асылбек Базарбаев округ бойынша атқарылған жұмыстарды айтып өтті. Оның айтуынша, биылдың өзінде Жасқайрат ауылында 2 пәтерлі 2 тұрғын үй құрылысы аяқталып, бірінші кезекте көпбалалы, жалғызбасты ана мен мүгедектігі бар әлеуметтік әлжуаз топтағы азаматтарға пайдалануға берілген болса, ауыл тынысын жандандыру мақсатында Өнеге елді мекенінде жаңа кітапхана салынып, оқырмандарына есігін айқара ашқан. Күйгенкөлде ауыз су құбырларының тозуына байланысты қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге мердігермен келісімшарт жасақталып, шілде айынан басталған жөндеу жұмыстары желтоқсан айына дейін бітеді деп күтілуде.

- Биыл ауданда жарияланған төтенше жағдайға байланысты аудан тұрғындарын мал азығымен қамтамасыз ету жұмыстары Жасқайрат ауылы мен елді мекендерде де қарқынды жүріп жатыр. Күні бүгінге 1-лек бойынша 2011 орамашөп келсе, 2-лек бойынша 678 орамашөп, барлығы 2689 орамашөп келді. Тасымалдау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Сонымен қатар 45 тонна жем келіп, ауыл тұрғындарына облыс орталығынан сатып әкелінген бағасымен берілді, - деді Асылбек Асқарұлы.

image-12-11-24-06-09-4

Ауыл әкімінің баяндамасынан соң дербес бөлім басшыларымен бірге күйгенкөлдік ағайынның айтарын тыңдап, шешімін қарастыруды көздеп келген аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов та бірқатар атқарылған және жоспардағы жұмыстар жайын сөз етті. Ал тұрғындар тарапынан электр желілерін жаңарту, ауыз су мәселесін оңтайландыру үшін жаңа тұщы су көздерін алатын табиғи құдықтар қазу, қаражат мәселесі мүмкіндік берсе, жаяу жүргіншілер жолын көбейту сынды ұсыныстар тастады. Бір топ ауыл үлкендері соңғы жылдардағы атқарылған жұмыстардың нәтижесі көңіл қуантарлық екенін айтып, басшылық құрамға алғыстарын жаудырып жатты.

«Биыл орын алған су тасқыны салдарынан аудан жұмыстарына бөлінген бюджет мемлекетке кері қайтарылып, жоспарланған бірқатар жұмыстар орындалмай қалды. Алайда бұл салымызды суға кетіріп, еңсемізді түсіруге себеп емес. Қандай мәселе болмасын бәрі уақытша. Күні бүгінге дейін атқарылған жұмыстарды жоққа шығарып, бірден төрт түлігімізді таратып, тайып кетуді ойламауымыз қажет. Халық саны азая берер болса осы күнге дейін тоқтаусыз жүріп жатқан құрылыс, жол салу, тағы сол сынды әлеуметтік маңызы бар жұмыстарды жүзеге асырудың экономикалық тиімділігі төмендей берері анық. Ауданның әлеуетін арттыру халықтың әл-ауқатын көтерумен тікелей байланысты. Айтылған ұсыныс-тілектерді сараптай отырып, нақты шешімдер қабылдауға күш салынатын болады», - деп сөзін қорытты аудан әкімінің орынбасары.

Жиын соңында Жақсылық Каримоллаұлы мен Асылбек Асқарұлы, жақын арада жаңа қызметтеріне кіріскен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Оралбек Кенханов пен аудандық мансап орталығының басшысы Тимур Хамзин тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Арай Сейфолла, 

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале