13.11.2024, 14:34
Оқылды: 32

«Парасатты полковник»

Дәл осындай тақырыппен қаламыздағы Мәншүк Мәметова атындағы мұражай-үйінде дөңгелек үстел өтті. Аталған шара соғыс және облыстық ішкі істер құрылымдарының ардагері, милиция полковнигі Өтеміс Рушанұлы Сәлиевтің туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

DSC00323

– 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына Казталов аудандық әскери комиссариатынан 3664 адам әскерге шақырылған. Сол 3664 адамның бірі, Казталов ауданы Ұмтыл ауылдық кеңесінің тумасы – Өтеміс Рушанұлы Сәлиев. Ол небәрі 19 жасында майдан шебіне аттанып, жауынгерлік жорықты жолдардан өткен.

І Украин майданы құрамында гвардиялық артиллериялық полктың атқыштар батальонында қатардағы жауынгер болып елін жаудан азат етуге үлес қосқан. 1944 жылы сұрапыл соғыста жүріп лейтенант әскери шенін алды. Майдангер Өтеміс Рушанұлы Львов, Киев қалаларын, Австрияның астанасы Вена қаласын, Прага, Будапешт қалаларын неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге және Берлинге шабуыл операциясына қаты-сты. 1944 жылы мамыр айында Львов қаласы түбіндегі шайқаста снаряд жарықшағынан ауыр жараланып, госпитальде жарақатынан емделген соң қайтадан майданның алдыңғы шебіне ба­рып, жаумен шайқасады. Оның ерлігі туралы жауынгерлік марапаттарынан білу­ге болады. «Жауынгерлік ең­бегі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», КСРО Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлеріндегі қызметіне орай І дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «КСРО Ішкі істер министрлігінің үздігі» белгісімен марапатталған. 1946 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін облыстық ішкі істер құрылымдарында әртүрлі басшылық қызмет атқарды, – деді құқық қорғау саласының ардагері  Өтенғали  Ахаев.

– Бүгінгі жастардың болашағы, бақыты үшін Ұлы Отан соғысында қан төккен майдангерлердің даңқы еш уақытта өшпейді. Олардың рухына біз тізе бүгіп, бас иеміз. Толарсақтан саз кешіп, ауыздықпен су ішкен, сұр шинельді төсек етіп, ақ қар, көк мұз жастанып, жаумен шайқасқан аталар ерлігін дәріптеу – біздің асыл борышымыз. Ұлы Отан соғысында жауға қарсы тұра білген, ел үшін жанын қиған ержүрек батырлардың және сол соғыстан елге аман оралған майдангерлердің қаһармандық ісі еш уақытта ұмыт болмайды, мәңгі есте сақталады, – деген Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Аян Жұбандықов ардагердің қызы Әлия Өтемісқызына БҚО ПД басшысының атынан еске алу хатын табыстады.

Шара барысында батыр апамыз Мәншүк Мәметоваға және жеңіс тақырыбына арналған өлеңдер оқылып, облыстық «Орал өңірі» газетінде Өтеміс Сәлиев туралы жарияланған мақалалардан үзінділер келтірілді. Сонымен қатар дөңгелек үстелге құқық қорғау саласының ардагері Боранбек Батыралиев, БҚО ПД ардагерлер кеңесінің төрағасы Мадияр Жанбаев, Өтеміс Рушанұлының қызы Әлия Өтемісқызы, ұлы Өтеміс Өтемісұлы, немере-шөберелері және М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың тарих  факультетінің студенттері қатысты.

Жанерке Мерекеқызы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале