Жаңақала аудандық әкімдігі ғимаратының алдындағы шағын алаңнан бір топ ардагер аға-апаларымыздың бейнелерін көріп, қолыма еріксіз қалам алып отырмын, қымбатты жерлестерім! «Ақыл жастан, асыл тастан» - деп халқымыз бекер айтпаса керек. Ауданымыздың тізгінін ұстап отырған өрімдей жастардың өткенге оралып, өңіріміздің экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуға зор үлес қосқан ел ардақтыларын ардақтап, олардың ерен еңбектерін елге үлгі етулері айтарлықтай құптарлық жәй. Иә, «Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді»-деген халқымыздың дана сөзі бар.
Шынымды айтайын, ел сыйлаған, елін сыйлаған осы бір асыл жандардың кескіндерін болса да көргенде тамырыма жып-жылы қан жүгіріп, ыстық ықылас жүрегімді елжіретіп, жанарыма сағыныш жасы үйірілді.
Ойлап отырсам, қырық жылдан астам қызмет өтілімде осы жандардың бәрімен де жүздескен екенмін. Газет тапсырмасымен, көңіл қалауымен бірқатарының еңбектерін қалың жұртшылыққа танытып, алғыстарын алған екенмін. Біразымен үзеңгілес жүріп, өнегелі істерінен бай тәжірибе жинақтаған екенмін.
Сонау тарих қойнауына кеткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында атақты композитор Әсет Бейсеуовпен бірге «Краснагор» жылқы зауытының «Сәуле» тракторшы қыздар бригадасына «Аққу қыздар» деп ән арнағанда жарықтық Күнзира апам риза болып, маңдайымнан иіскеген еді. Кезінде «Жаңақала» қой кеңшарының Ленин орденді аға шопаны Есмырза Мұқамбетқалиев, «Мәстексай» қой кеңшарының «Құрмет Белгісі» орденді механизаторы Төлеген Ажақов, «Еңбек Қызыл Ту» орденді дәрігер Сағын Сатқанов, «Пятимар» жылқы зауытының аға шопаны, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Кеңес Төреғалиевтер жөнінде де аз жазылған жоқ.
КСРО және ҚКР-сы сауда саласының үздігі, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Сайран Ахметовтің 90 жасына орай «Бәйтерек» атты естеліктер жинағы да шықты.
Құм өңіріне мақта өсіріп, Мәскеуде өткен Бүкіл одақтық ауыл шаруашылығы көрмесінде кеудесіне Ленин орденін таққан Ғұмар Салықов, ұжымшар қайраткері, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Барша Бисекенова, тоқсанға келгенше қолынан қаламы түспеген, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері Мәжит Жадановтардың еңбектері талай қомақты шығармаларға жүк боларлықтай.
«Бірлік» мал зауытында ұзақ жылдар бөлімше басқарған Сағын Есенғалиевтің де ауданымызда еділбай қойын өсірудегі еңбегі зор екені белгілі.
Тақтаға ауданымызды ұзақ жылдар басқарып, халқының құрметіне ие болған Әділғазы Нұрғазыұлы Нұрғалиевтің тарихи өлкеміз жөнінде жазған кітабының атауы жазылғаны да жарасымды болып тұр. Жаңақаланың ақиық алыптар мен жайсаң жандардың мекені екендігінде дау жоқ.
Ал халқы сүйген тұлғалардың естелік болып мақталарына да ескерткіш болып сақталарына да күмән жоқ.
Әрине, Жаңақаланың ақиықтары мен жайсаңдары мұнымен шектелмейді. Бұл –жақсы істің бастауы ғана болар – деген ойдамыз. Осы үрдіс жыл сайын жаңа тұлғалармен жаңарып отырса құба құп.
Толқында толқын қуады – дегендей, ойдан ой туады.
Енді осы жарқын бастама жалғасын тауып бір округ, әрбір мекеме өз өңірлері мен салаларында еңбек еткен, халқына қадыры артып, еліне абыройлы болған жандарды осылайша жарқыратып қойса ұрпаққа ұлысты, жастарға жұғысты болар еді - деген ойдамыз.
Закария Сисенғали,
Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі, мәдениет саласының үздігі, еңбек ардагері