Бүгін Қаратөбе аудандық мәдениет,тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахаден, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин, «Қаратөбе» спорт клубының директоры Бауыржан Шүрмен Қазақстан Республикасының ХХІІІ чемпионатына қатысып, ұлттық аударыспақ спортынан екінші орын алған жүлдегер спортшы, «Қаратөбе» спорт мектебінің әдіскері, аударыспақ спорты үйірмесінің жаттықтырушысы Абай Кенжебаевты қарсылап алды.
Жүлдегер спортшыны қарсылап алған Мәулен Аманшаұлы, Нұртас Набиоллаұлы және Бауыржан Серікұлы алдағы жылы өтетін Әлем чемпионатына қатысатын Абай Абдрахманұлын спорттағы жетістігімен құттықтап, Әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрініп, чемпион атануына тілекші екендіктерін жеткізді.
– Сырым ауданы, Өлеңті ауылының тумасымын. «Қаратөбе» спорт клубының әдіскері, «Аударыспақ спорты» үйірмесінің жаттықтырушысы болып қызмет жасаймын. Облыста өткен іріктеу чемпионатында бірінші орынды иеленіп, Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алдым.
Қарашы айының 8-10 күндері аралығында Шымкент қаласында өткен Республикалық чемпионатқа қатыстым. Чемпионаттың ережесіне сай әр аймақтан үш спортшыдан қатыстыру қарастырылған болатын. Батыс Қазақстан облысынан 2 спортшы болдық 1-2 номерлі. 68 келі салмақ дәрежесінде бағымды сынадым. Менің салмағымда чемпионатқа жалпы саны 21 спортшы қатысты. Ең бірінші қарсыласым Алматы облысының спортшысы болды. Бұл палуанды жеңіп, одан кейін Түркістан, Ақтөбе облыстарының спортшыларымен күш сынастым. Финальдық ойында Ақтөбе облысының балуанынан есеп айырмасымен ұтылып, екінші орынды иелендім. Келесі жылы өтетін әлем чемпионтына қатысуға мүмкіндік алдым.
«Қаратөбе» спорт клубының директоры Бауыржан Шүрменнің қолдауымен биылғы жаз айында Татарстанда өткен чемпионатты көруге мүмкіндік алдым. Чемпионатта көргенімнен аңғарғаным басқа елдерге қарағанда Қазақстанда аударыспақ спорты қарқынды дамыған екен,– дейді Абай Кенжебаев.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы