Таяуда Орал қаласындағы Достық үйінде «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті. Бұл басқосуды БҚО әкімдігі ҚДБ «Қоғамдық келісім» КММ-ның қоғамдық бірлестіктермен жұмыс бөлімі және БҚО ҚХА «Ақсақалдар кеңесі» ұйымдастырды.
Алғашқы болып сөз алған ҚХА БҚО бойынша Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қайреден Жақсығұлов ақсақалдар кеңесінің жұмыстары туралы есеп берді және «Адал азамат» арнайы жобасының негізгі мақсат-міндеттерін атап өтті.
– Биыл 15 наурызда Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өткен болатын. Сол алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады» деген еді. Жастар осы ұғымдарды саналарына мықтап сіңіруі керек. Абай атамыздың «Бес нәрседен қашық бол» деген өсиеті бүгінгі күнге арналып айтылғандай. Бүгінгінің бес кеселі – есірткі және нашақорлық, зорлық-зомбылық, лудомания, буллинг пен агрессия, вандализм мен ысырапшылдық. Біз осылармен күресуіміз керек. Жас ұрпақты бұл кеселдерден барынша сақтандыруымыз қажет, – деді Қайреден Қадырғалиұлы.
Шара барысында «Бірлік пен ынтымақтастық – елдігіміздің кепілі», «Еңбекқорлық пен кәсібилік – ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің негізі», «Тәуелсіздік пен патриотизмді жас ұрпаққа дәріптеу», «Әділдік пен жауапкершілік – әр азаматтың парызы» тақырыбындағы баяндамалар оқылды.
– Бүгінгі жиында әрбір ақсақалдың айтқан сөзі ұрпаққа ұлағат болуы тиіс. Кейінгілер зер салып тыңдауы керек. Біздің айтарымыз бар. Біз жаңа дәуірде өмір сүрудеміз. Жұрттың ой-санасында жаңа бетбұрыстар болып жатыр. Көштен қалмағанымыз жақсы, бірақ рухани баю кемшін. Ел ішінде болып жатқан қабырғаңды қайыстырар оқиғаларда біздің де кінәміз бар. Себебі жастарды тәрбиелейтін, оларға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтатын, жөн-жосықты білетін үлкендер аз. Осы кемшілігімізді түзейік. Қоғамды мейірімге, ізгілікке қарай бағыттауға үлес қосайық, – деді Ақжайық ауданындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Құрман Бисеғалиев өз баяндамасында.
Жиын соңында Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлестері үшін салалық кәсіподақтың «Елеулі еңбегі үшін» медалімен еңбек ардагерлері Адамбек Мұқанбетқалиев, Тамара Ілиясова, Каримолла Жақыпов, Сайлау Жаңатаров және «Миликеева» ЖК жетекшісі Альфия Ғабдырахманова, «Әбдірахманова» ЖК жетекшісі Айсұлу Әбдірахманова марапатталды. Сонымен қатар агросектордың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Санат Ысқақов, Нұржан Маматов, Раиса Бірманова, Бибігүл Жолмұратова, Болат Батрақов, Жұмабек Мұхамбетәлиевтер ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
Ерке Мереке,
Орал қаласы