14.11.2024, 9:30
Оқылды: 54

БҚО-да көлемі 28,0 миллион куб болатын су қоймасы салынбақ

Казталов  ауданының  Жалпақтал  ауылында  жалпы  көлемі  28,0  млн  м3  болатын  су  қоймасы  салынбақ.  Оның  жобалау-сметалық  құжаттамасы  мемлекеттік  сараптамадан  өткен.  Бұған  қоса  осы  ауданның  Сексенбай  ауылында  көлемі  10,0  млн  м3  болатын  су  қоймасын  салу  үшін  техникалық-экономикалық  негіздеме  әзірленуде.  Бұл  жөнінде  өңірлік  коммуникациялар  алаңында  өткен  кезекті  баспасөз  мәслихатында  «Қазсушар»  РМК  облыстық  филиалы  директорының  міндетін  атқарушы  Рауан  Хусаинов  айтты. 

Хусаинов (1)

«Қазсушар» РМК облыстық филиалы мемлекетаралық маңызы бар Қараөзен және Сарыөзен өзендеріндегі су шаруашылығы нысандарын, мемлекеттік маңыздағы Жәнібек пен облысаралық маңыздағы Жайық-Көшім суландыру-суармалау жүйелерін, Шаған өзеніндегі Шаған және Шолақаңқаты, Ембулатовка, Сұлусай су қоймаларын пайдаланады. Суару-суландыру жүйесінің құрамына жалпы көлемі 510 млн м³ болатын 14 су қоймасы, 4 су торабы, 2 сорғы стансасы,  1 057,66 шақырым магистральды және таратушы канал, лиманды және тұрақты суландыру  учаскелері  кіреді.

казталов сув (2)

– Тасқын кезінде филиалдың су шаруашылығы жүйелері бойынша 1,087 млрд м3 су алынды, нәтижесінде 146 мың га көлдете суарылатын жерге су шығарылып, Көшім өзенінің төменгі ағысында орналасқан көлдерге және Қамыс-Самар жайылмаларына су берілді. Өңірде вегетациялық кезең сәтті өтті, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге толық көлемде  су берілді. Су берудің жылдық жоспары 20,6 млн м3-ты құрап, жоспар 99,1%-ға орындалды. Бүгіндері күзгі-қысқы кезеңде Жәнібек, Бөкей ордасы, Бәйтерек, Тасқала, Ақжайық, Казталов, Жаңақала аудандарының елді мекендерінде қолайлы санитарлық-экологиялық жағдайды қолдау және мал суатын ұйымдастыру үшін су берілуде.

Санитарлық-экологиялық мақсаттарға 90,0 млн м3 су беріліп, жыл соңына дейін су беру жоспары толық орындалмақ. Филиалдың қызмет көрсету аймағында суармалы алқаптың аумағы – 6091 га. Суару маусымы аяқталғаннан кейін келер жылғы көктемге дайындық үшін 24-28 қазан күндері Шаған су қоймасының қашыртқы имаратының барлық шандоры кезең-кезеңімен көтеріліп, жоғары бекітілді, су қоймасы пайдаланылмайтын көлемге дейін босатылып, қысқы жұмыс режіміне ауыстырылды. Су ресурстарын тасымалдау кезіндегі шығындарды азайту, суды ұтымды және тиімді пайдалану, су шаруашылығы нысандарын қалыпты техникалық жай-күйде ұстау мақсатында жыл сайын су шаруашылығы нысандарында механикаландырылған тазарту және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл ұзындығы 73,6 шақырым каналды іріктеп, механикаландырылған тазарту және 8 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды, су тасқынынан кейін 6 нысанда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр, – деді  Рауан  Ерланұлы.

Спикердің сөзінше, қазіргі таңда Киров су қоймасын қайта жаңғырту, Шаған өзені тармағы мен Көшім магистральдық каналын механикаландырылған тазарту бойынша жобалар іске асырылуда. Жайық-Көшім жүйесі  су қоймаларының каскадын, Жәнібек суландыру-суару жүйесін және 7 магистралдық каналды қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Барлық су шаруашылығы нысандарының күзгі-қысқы кезеңге дайындығы тексерілген. Нысандардың жай-күйі қанағаттанарлық, олар штаттық режімде жұмыс жасап, дайындық паспорттары жасақталды.

Аружан  Аманжол,

«Орал  өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале