14.11.2024, 11:00
Оқылды: 106

ШОБ 1,2 трлн теңгенің өнімін өндірді

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатына қатысты. Онда өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы стратегиялық мақсат-міндеттер туралы кеңінен баяндады.

бриф аким (2)

Фото: ortcom.kz

Инвестиция көлемі артты

Облыста тартылған инвестициялардың арқасында 1000нан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Биылғы 9 айда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 437 млрд теңге. Соның ішінде жеке инвестициялардың үлесі – 342 млрд теңге. Өнеркәсіп саласында биыл 2,6 трлн теңгенің өнімі өндірілген. Алдағы 5 жыл ішінде 2,4 трлн теңгеге 42 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

– Елге инвестиция тарту – тек қаржы көзі емес, сондай-ақ шетелдік тәжірибеге, мүмкіндіктерге жол ашу. Бұл өз кезегінде дамудың жаңа бағытына, ауқымды өзгерістерге, экономиканың әр саласына тың серпін береді.  Бұл бағытта бірқатар маңызды инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, – деді өңір басшысы.

Мәселен, «KazakhKalium» компаниясымен «Сәтимола» кен орны базасында калий тұздарын өндіру бойынша байыту-өндірістік кешенінің құрылысы» жобасы, 2028 жылға дейін  қытайлық «China Energy» инвесторымен бірлесіп әрқайсысының қуаты 100 МВт болатын 2 газтурбиналық электр стансасын салу жоспарлануда. Сонымен бірге Түрік компаниясымен («Bilgili Group») бірлесіп тұрмыстық химия өндірісін, Орал трансформатор зауыты негізінде алюминий бұйымдарын шығару, сыйымдылығы 15 мың тонна 2 көкөніс сақтау қоймасын салу жоспарланған. Жуырда Премьер-министр Олжас Бектенов Жаһандық инвестициялар бойынша VII қазақстандық дөңгелек үстелге қатысты (KGIR-2024).  Осы жиында оңтүстіккореялық инвестормен 81 млрд теңгеге меморандумға қол қойылды. Бұл жоба 120 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жоспарланған жобалардың қатарында қалдықтарды өңдеу және өртеу кешені, жылыжай, сондай-ақ күн панельдерінен электр қуатын өндіретін стансаның құрылысы бар.

Газ өңдеу зауыты салынады

Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр газ өңдеу зауыты салынады.

– Өңірде Республика күні қарсаңында мұнай-газ саласына қажетті кейбір жабдықтарды өндіретін «Kaspi-MunayKapital» зауыты іске қосылды. Шикізат өндірісіне қажетті құрал-жабдықтар өндіріле бастады. Өнеркәсіп көлемін арттыру бағытында Қарашығанақты кеңейту жобасы іске асырылуда. Былтыр 4-ші компрессор, биыл 5-ші компрессор пайдалануға берілді. Ал 6-шы компрессордың құрылысы аяқталуға жақын.  Аталған жоба Қарашығанақ кен орнындағы шикі газды дайындау, кері айдау және газды өндіру көлемін ұлғайтуға бағытталған. Алдағы уақытта Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу жоспарлануда, – деді Нариман Төреғалиұлы. Айта кету керек, былтыр Үкіметтің ішкі нарықты сұйылтылған мұнай газымен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында Рожковское газ конденсаты кен орны өнеркәсіптік пайдалануға берілді.

ШОБ-қа – 22 млрд теңге

Батысқазақстандық шағын және орта бизнес өкілдері  жыл басынан бері 1,2 трлн теңгенің өнімін өндірді.

Облыстағы 58 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілерінде 130 мың адам жұмыс істейді. Биыл шағын және орта бизнесті дамытуға 22 млрд теңге бөлінген. Үш мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілуде. ШОБ-ты дамыту мақсатында облыстағы индустриялық аймақта жалпы құны 14,9 млрд теңгеге 5 инвестициялық жоба іске асырылуда. Сонымен қатар жалпы көлемі 2,8 га жер телімінде шағын өнеркәсіптік аймақ құрылысы қолға алынған. Өнеркәсіптік аймақ алаңында өздерінің мүмкіндіктері жоқ шағын бизнес субъектілеріне жаңа өндіріс орындарын ашуға инфрақұрылымдары  дайын жер телімдері ұсынылады. Бұл бизнесті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Өңір тұрғындарын жергі-лікті жерде өндірілген азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге баса назар аударылуда. Бұл импортқа тәуелділіктен де арылуға сеп болмақ. Сүт өнімдерінің (сүт, сүзбе, май, айран) өндірісін ұлғайту – басты міндет. Өйткені бұл өнімнің 25%-ы ғана қамтылып отыр. Биыл республикалық бюджеттен 9,8 млрд теңгеге өндіріс көлемі 11 мың тонна 5 жоба қаржыландырылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға жергілікті бюджеттен 5,3 млрд теңге бөлініп отыр.

Төрт түліктің саны артты

Өңірде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің 60%-ы атакәсіп – мал шаруашылығына тиесілі.

Биыл ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 50 млрд теңге қаражат бөлінген. Төрт түлік мал басының саны тұрақты артуда. 2024 жылы ұсақ мал 2 млн-ға жуықтаса, ірі қара мал 1 млн-ға, түйе  3 мың басқа жеткен, жылқы 350 мыңнан асқан. Облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының биылғы егіс алқабы – 616 мың га. Бүгінгі таңда егін ору науқаны толық аяқталды. Нәтижесінде 300 мың тонна астық, 96 мың тонна майлы дақылдар, 50 мың тонна картоп, 46 мың тонна көкөніс және бақша өнімдері жиналды.  Мал шаруашылығын дамыту үшін өңір әлеуетін толық пайдалану назарда тұр. Ол үшін жайылымдарды суландыру бағытында ұзындығы 186 шақырым 3 магистраль каналды қайта жаңғырту және 43 шақырым «Азнабай-Тайпақ» және 95 шақырым «Жайық-Шалқар» каналын жөндеу сияқты ірі жобалар жүзеге асуда.

– Бүгінгі күні ауыл тұрғындарын мазалайтын сұрақтардың бірі – жайылым тапшылығы. Жергілікті атқарушы құрылымдар осы бағытта жүйелі жұмыстар атқаруда. Мысалы, соңғы 3 жылда мақсатына сай пайдаланылмай отырған 620 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сәйкесінше, 458 мың гектарға жуық жер учаскесі резервке қойылып, 140 мың гектар елді мекен жерлер санатына ауыстырылды. Соның нәтижесінде елді мекендер 607 мың гектар қосымша жайылымдық және шабындық алқап-тармен қамтамасыз етілді, – деп атап өтті облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы.

«Ауыл аманаты»

Президент тапсырмасына сәйкес ауыл халқының әл-ауқаты мен табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

– Бағдарлама аясында соңғы екі жылда облыста 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Ауылдық жерлерде 1,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Табыс-кірісі аз отбасыларға биылдан бастап тауарлық несие беріле бастады. Әзірге 195 отбасына тауарлық несие ретінде 247 бас мүйізді ірі қара, 474 бас ұсақ мал және 64 бас жылқы берілді, – деді облыс әкі-мі. Өңір басшысы айтып өткендей, биыл өңірдегі ең ірі кәсіпорын – «Қа-рашығанақ» мұнай-газ компаниясымен меморандумға қол қойылды.

Соған сәйкес кәсіп ашқан тұрғындардың өнімдерін кооперациялар арқылы «ҚПО б.в.» компаниясына тікелей сату ұйымдастырылды. Өнім өндірісі көлемін арттыру және саланың дамуына инвестиция тарту мақсатында 2024-2026 жылдары аг-роөнеркәсіп кешені саласында іске асатын жобалар бар. 870 жаңа жұмыс орнын құратын құны 120 млрд теңге 38 инвестициялық жоба жоспарланған. Соның 19-ы биыл аяқталды. Нәтижесінде өңірде өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі 2026 жылы 70%-ға жетпек.

642 шақырым жол жөнделуде

Президент көлік-логистика саласын жаңғыртуға нақты тапсырмалар берді.

Облыстың шалғай орналасқан Казталов, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарында республикалық маңызы бар 245 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. Республикалық маңызы бар 144 шақырым Подстепный – Федоровка – Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі жолды қайта жаңғырту жұмысы жалғасуда. Қазір жолдың 60 шақырымдайы жөнделді. Барбастау – Ақжайық – Индер (308 км, аяқталғаны – 50 км) және Жаңақала – Бисен (210 км, аяқталғаны – 23 км) бағытындағы облыстық маңызы бар жолдар салынуда. Былтыр 82 млрд теңгеге 562 шақырым жол жөнделсе, биыл 92 млрд теңгеден астам қаржыға 642 шақырым жол жаңа кейіпке енбек. 2025 жылы осындай көлемдегі жолдарды жөндеу жоспарланып отыр. Өткен жылы Орал қаласында 3,6 млрд теңгеге 58 шақырым жол, биыл 4,3 млрд теңгеге 50 шақырымнан астам жол жөнделді.

Коммуналдық шаруашылық

Бүгінгі күні тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін маңызды коммуналдық объектілердің құрылысы мен жөндеу жұмысы аяқталды.

Атап айтқанда, жаңа электр қосалқы стансалары пайдалануға берілді. 60-70-ші жылдардан бері жөндеу көрмеген №3 кәріз-сорғы стансасы және №5 жылу магистралі жаңартылды. Жаңа электр қосалқы стансасы жаңадан салынып жатқан шағынаудандарды және оған жақын орналасқан объектілерді, жалпы алғанда 120 мың тұрғынды электр қуатымен қамтамасыз етеді.  Ал №5 жылу магистралі 70 мың, №3 кәріз-сорғы стансасы 150 мыңға жуық абонентке қызмет көрсетеді. Сонымен қатар Орал қаласында №2, №21, №18А кәріз-сорғы стансалары, №2 жылу магистралі және №1 турбоагрегат қайта жаңартылуда. Қаланың солтүстік-шығыс бетінде жаңа электр қосалқы стансасы салынуда. Келесі жылы №29 кәріз-сорғы және №20 су көтергіш стансаларының құрылысы басталмақ. Биыл аталған объектілерді реконструкциялауға республикалық және жергілікті бюджеттерден 21,4 млрд теңге қарастырылды. «Энергетика саласы бойынша маңызды сұрақтардың бірі – басқа елге тәуелділікті азайту. Бүгінде облыстың Жәнібек және Бөкей ордасы ауданын электр жарығымен толықтай Ресей Федера-циясы қамтып отыр. Осыған байланысты қазір 5 мегаватты газ поршеньді қондырғысын орнату бойынша келіссөз жүргізілуде. Газ саласы бойынша, облыста 4 елді мекен Ресейден келетін газбен қамтылған. Атап айтқанда, Жәнібек ауданында – 3 ауыл (Қамысты, Борсы, Талов) және Бәйтерек ауданында – 1 ауыл (Раздольный). Жәнібек ауданы бойынша құрылыс жұмысына жауапты мердігер анықталып, келесі жылы жүзеге асырылады. Бәйтерек ауданына қатысты жоба жасақталып жатыр», – деді өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы.

Әлеумет, білім, мәдениет және спорт

Биыл облыста 26 810 адам жұмысқа орналастырылған. Олардың 20190-ы тұрақты, 6620-сы уақытша жұмыс тапқан.

– «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 2025 жылға дейін жаңа 50 нысан салу жоспарланып отыр. Былтыр 12-сі пайдалануға берілді. Биыл 38-нің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 24-і аяқталады. Оған қоса, 13 нысан күрделі жөндеуден өтуде. Ауылдық жерлерде маман тапшылығын азайту мақсатында қызмет етуге келген мамандарға да барынша көңіл бөлінуде. Биыл медицина мамандарына резидентуруға 9 және абитуриенттерге 45 грант бөлінді. Сонымен қатар берілетін көтермеақы 5 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін көтерілді. 2024 жылы 131 медицина маманы жұмысқа  қабылданды, – деп баяндады  облыс  әкімі.

Білім саласында былтыр 16 жаңа мектеп салынса, биыл 6 мектептің құрылысы аяқталады. Келесі жылы қосымша 8 мектептің құрылысы басталады. Сонымен қатар 3,6 млрд теңгеге 7 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтеді.  Биыл өңір кадрларын даярлау мақсатында жергілікті мектеп түлектеріне облыстық бюджеттен 86 бакалавриат, 23 резидентураға оқу гранттары бөлінді.

Мемлекет басшысының 2023 жылы өңірге жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес облыс орталығында 1000 орындық көп функционалды спорт кешенінің құрылысы аяқталуда.

Биыл 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 1 модульді спорт кешені пайдалануға берілді. Осылайша облыстың барлық аудан орталығы спорт кешендерімен толықтай қамтамасыз етілді. Келесі жылы 6 ауылда (Жақсыбай, Ұялы, Шөптікөл, Дарьян, Ақжайық, Ақпәтер) спорт кешендері салына-ды.  2025 жылы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры есебінен Теректі ауданының Жаңаөмір ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жо-спарлануда. Төрт ауданда жеті мәдениет нысанын салу және үш нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарда тұр. Биыл «Жайық жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бұл облыс жастарына жеңілдетілген несие арқылы баспана алуға мүмкіндік бермек. Жергілікті бюджеттен 600 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Биыл 40 жас отбасы жаңа пәтерге ие болды.

«Қаладан ауылға!»

Биыл облыста «Қаладан ауылға» өңірлік бағдарламасы  жүзеге  аса  бастады.

Бұл жоба шекара маңындағы ауылдарды дамытуға және қала тұрғындарының ауылдарға жаппай қоныс аударуын қолдауға бағытталған. Бағдарлама аясында қоныс аудару үшін 57 ауыл белгіленді. Жыл басынан бері 78 отбасы (402 адам) ауылға қоныс аударды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бірқатар шара жүзеге асырылуда. Сәуір айынан бері тазалық акциясына 172 мыңнан астам тұрғын, 4 мыңнан астам мекеме-кәсіпорын қатысты. 77 мыңнан астам аула, 300-ге жуық саябақ жиналды. Облыста 59 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды.

Бірлігіміз  бекем болсын!

 Биылғы көктемдегі су тасқынына байланысты облыста өте күрделі жағдайдың  қалыптасқаны мәлім.

– Су тасқыны салдарынан 2 мыңға жуық тұрғын үй және 15 мыңдай саяжай учаскесі су астында қалды. Дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында 9994 отбасыға 3,6 млрд теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек төленді. Бұдан бөлек, 10 мыңнан астам отбасыға келтірілген шығындар үшін 3,7 млрд теңгеге материалдық көмек берілді. Тұрғындардың баспанасын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 4,3 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы саны 1939 пәтер сатып алынып (40,8 млрд теңге), 889 жаңа тұрғын үй салынды (23,7 млрд теңге). Қайырымдылық қорларының есебінен 69 жанұяға жаңа баспана берілді.

Осы сәтті пайдалана отыра, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қиын сәтте қол ұшын созған барша азаматтарға және демеушілерге алғысымды айтамын. Сондай-ақ су тасқыны кезінде күнделікті ақпаратты таратып, халықты бірлікке шақыруға үлес қосқан барша бұқаралық ақпарат құралының өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Қазақта «Бірлігі бекем елді жау алмайды» деген қанатты сөз бар. Сондықтан халқымыз бірлікте болса, алынбайтын қамал жоқ! – деп қорытты сөзін облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале