17.06.2026, 19:00
Оқылды: 54

Батыс Қазақстанда үздік жас келін анықталды

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында отбасылық құндылықтарды ұлықтайтын «Әулеттің алтын діңгегі» атты облыстық жас келіндер байқауы мәресіне жетті.

 WhatsApp Image 2026-06-17 at 18.12.24

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен, облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шара қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртуды және өнегелі отбасы үлгісін қоғамда насихаттауды мақсат етеді. Сондай-ақ жоба аясында бесік тербеткен аналар мен жас келіндердің отбасы мен қоғамдағы рөлін нығайту көзделген.

WhatsApp Image 2026-06-17 at 18.20.14

WhatsApp Image 2026-06-17 at 18.12.46

WhatsApp Image 2026-06-17 at 18.13.04

Байқау бағдарламасы бес кезеңнен тұрды. Алдымен «Берекелі босаға» көрмесінде қатысушылардың ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдары бағаланса, «Менің әлемім» бөлімінде келіндер өздерінің отбасы мен өмірлік ұстанымдарын таныстырды. Ал «Қаймағы бұзылмаған салт» кезеңінде ата-бабадан қалған дәстүрлер сахналық көрініс ретінде жаңғыртылды. Сондай-ақ қатысушылар «Парасат майданы» сайысында тұрмыстық ситуациялық сұрақтарға жауап беріп, қорытынды кезеңде этно-modern бағытындағы заманауи ұлттық киімдер шеруін көрсетті.

WhatsApp Image 2026-06-17 at 18.13.32

Тартысты өткен өнер сынының қорытындысы бойынша бас жүлдені Бөкей ордасы ауданынан келген Ару Паңгереева жеңіп алып, оған бас бәйге ретінде тоңазытқыш табыс етілді. Бірінші орынды бөрлілік Аякөз Сами (шаңсорғыш), екінші орынды казталовтық Гүлсезім Тайырова (шай сервизі) иеленсе, үшінші орын Теректі ауданының намысын қорғаған Дана Отарбаева мен жаңақалалық Жадыра Айболатоваға («Asel» электр пеші) бұйырды. Сонымен қатар байқауға қатысқан барлық келінге арнайы алғысхаттар, гүл шоқтары мен кілемдер тарту етілді.

WhatsApp Image 2026-06-17 at 18.13.33 WhatsApp Image 2026-06-17 at 18.13.34 WhatsApp Image 2026-06-17 at 18.13.34 (1)

Гүлфия Қолғанатова,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале