Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы департаментінде осы жылы Жас мемлекеттік қызметшілер мектебіне іріктелген тыңдаушылармен кездесу өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – кәсіби дағдыларды дамытуға ықпал ету, тәжірибе алмасу және мемлекеттік қызметте жаңа мансабын бастауды жоспарлаған жас мамандарға қолдау көрсету.
Аталған жоба 2018 жылы басталып, Жас мемлекеттік қызметшілер мектебін 193 түлек аяқтаған, оның 21 түлегі қазір мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жатыр. Ағымдағы жылы тыңдаушы ретінде 24 жоғары оқу орындарының соңғы курс студенттері қабылданды.
Кездесуді ашқан Департамент басшысы Мұрат Байсалов мемлекеттік қызметке жаңа келген буынды сапалы дайындаудың маңыздылығын атап өтті. Ол кәсіпқойлық, ашықтық және қоғамға қызмет етуге адалдық мемлекеттік қызмет жолына түсетін әрбір маман үшін басты бағдарлар екенін айтты. Әсіресе, заманауи мемлекеттік қызметтің негізі болып табылатын этикалық стандарттарды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормаларды және меритократия қағидаттарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында Департамент өкілдері өздерінің жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, мемлекеттік органдардың жұмысы мен мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы әңгімеледі. Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің қатысушыларына міндеттерді тиімді басқару, біліктілікті арттыру, халықпен жұмыс істеу және коммуникациялық дағдыларды дамыту бойынша практикалық кеңестер берілді.
«Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі – мемлекеттік қызметтің талаптарына жылдам бейімделуге мүмкіндік беретін ерекше платформа. Біз білімімізбен, тәжірибемізбен бөлісуге және мемлекеттік қызметте жаңа ұрпақтың кәсіби қалыптасуына қолдау көрсетуге дайынбыз» – деді департамент басшысы Мұрат Байсалов.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметтегі процестерді цифрландыру, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы арқылы құзыреттер мен қабілеттіктерді арттыру мүмкіндіктері туралы өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесу қорытындысы қатысушылардың кәсіби дамуға және қоғам игілігі үшін қызмет ететін мемлекеттік қызметтің сенімді институт ретіндегі рөлін нығайтуға деген жоғары қызығушылығын көрсетті. Тыңдаушылар Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі мемлекеттік органдарда тиімді жұмыс істеу үшін қажетті білім мен дағдыларды дамытуға ықпал етеді деген сенімдерін білдірді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
БҚО-дағы департаменті