14.11.2024, 17:37
Оқылды: 34

Садық Жақсығұловтың 100 жасқа толуына арналған дүбірлі той өтті 

Облысымыздың Тасқала ауданында Кеңес Одағының Батыры, еңбек  ардагері Садық Шәкелұлы Жақсығұловтың 100 жасқа толуына арналған дүбірлі той өтті.  Қазақтың қас батырының ғасырлық жасын зор салтанатпен атап өткен тасқалалықтардың тәрбиелі-тәлімді шараларына шаттанбаған жан болмас-ау, сірә.

Тағы да еске сала кетейік, Кеңес Одағының Батыры Садық Шәкелұлы Жақсығұлов 1924 жылы 7 қарашада Жаңақала ауданының №20-шы Қоңырқұдық ауылдық кеңесінде дүниеге келген.

image-14-11-24-04-50

Батырдың тойына аудан әкімдігінің ұйғарымымен аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Жаимов үшеуіміз қатысып, батыр жерлесіміздің рухына тағзым етіп, той шараларының аясында өткен тағылымды істерге куә болдық.

Шара ауданның Амангелді ауылдық округінің жанындағы қауымда бой көтерген батыр жерлесіміз бен зайыбы Вера (Бірғаным) әжеміздің рухтарына құран бағыштаудан басталды.

Облыс, аудан басшылары, ардагерлер, батырдың ұлы Мараттың қатысымен Садық Шәкелұлының мүсініне гүл шоқтарын қойды. Содан кейін келген меймандар мен аудан жұртшылығының қатысымен Тасқалада той аясында 320 орындық спорт кешені ашылды.

Осылайша, 8 залдан тұратын сәні мен сымбаты жарасқан спорт ғимаратының тұсауы Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұловтың 100 жылдығына арналып оздырылған қазақша күрестен халықаралық сайыспен кесілді.

Сайысқа еліміздің барлық облысынан, өңіріміздің аудандарынан палуандар қатысып, бақ сынасты.

Халықаралық турнир екі салмақ деңгейінде өтті. Тоқсан келіге шейінгі салмақта өгіз палуан, одан жоғары салмақта түйе палуан анықталмақ. Өгіз палуанның жүлдесі 1 миллион теңге, түйе палуанға жеңіл автокөлік.

Ақ тер, көк тер болған сайыста өгіз палуан жүлдесіне тараздық палуан ие болса, түйе палуанға тігілген жеңіл көлікті маңғыстаулық палуан жеңіп алды.

image-14-11-24-04-50

Тасқала ауылының бүкіл жасы мен бүлдіршіні сахна төріне көтерілді. Анау бір кездері өзге ұлт өкілдері басым болған өңірден алуан түрлі ұлттық киім киген өрімдей өнерпазды көріп  риза болдық. Залдың екі бұрышындағы шағын киіз үйлер де ұлттық бояуымызды қанықтырып, көздің жауын алды.

Шара барысында Батырдың ұлы Марат Садықұлына құрмет көрсетілуі де жарасымды болды.  Батыр рухына берілген  ас та аудан әкімі Т.А.Шакиров, қоғам қайраткері Т.Сапаров, халықаралық Алаш сыйлығының иегері, ақын А.Нәріков, Садық Шәкелұлының туған жерінен келген және көршілес аудандардан келген өкілдер сөйлеп, Отанымызды қорғауда қаһармандықтың үлгісін көрсеткен жерлесіміздің есімі халқымен бірге мәңгі жасайтынын айтты.

Закария Сисенғали, еңбек ардагері

Жаңақала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале