15.11.2024, 10:30
Оқылды: 56

Қазақстандықтар балаларының біліміне қалай ақша жинай алады

Еліміз "Келешек" жүйесін құруды талқылап жатыр. Бұл балалардың болашақ біліміне ақша жинақтауға арналған бағдарлама. Мұның негізгі шарттары мен ережелері қандай? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын BAQ.KZ  хабарлады.

Мәжіліс 13 қараша күні бірінші оқылымда ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша түзетулерді мақұлдады.

Заң жобасында Мемлекет басшысының "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Жолдауындағы бастамасы аясында әзірленген “Келешек” бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің қызметін құқықтық реттеу қарастырылған.

ЖП балалар

"Келешек" жүйесін құруды Президент тапсырды

2023 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет «Келешек» жүйесі туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, бұл жүйеде бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылады.

Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған “Келешек” атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен “Ұлттық қор – балаларға” жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады, - деді Тоқаев.

"Келешек" жинақтау жүйесі деген не?

"Келешек" – мемлекет пен ата-аналардың бірлескен күш-жігері арқылы балалардың білім алуын қаржыландыру үшін құрылған ерікті жинақтау жүйесі.

Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтановтың айтуынша, заң жобасында "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесінің қызметін құқықтық реттеуді регламенттейтін нормалар көзделген.

Ол балаларының білім алуына капитал қалыптастыруда ата-аналарға қаржылық қолдау көрсетуді қамтамасыз етуге арналған. Бұл біздің еліміздегі білім беру тәсілін шынымен өзгертетін және болашақ ұрпақ үшін қосымша мүмкіндіктер ұсынатын бастама, - деді депутат.

Бексұлтанов айтқандай, "Келешек" жүйесі ата-аналарға мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушы банктен шот ашуға мүмкіндік береді. Мемлекет өз кезегінде біржолғы бастапқы капиталды ұсынады.

Ата-аналарға жыл сайынғы ең төмен жарналарды төлеу ұсынылатын болады. Бұл ретте, салымдарға мемлекеттік сыйлықақы қосылатын болады, бұл инфляцияны ескере отырып, жинақтардың өсуіне ықпал етеді. Білім алуға арналған жинақтарды пайдалану мүмкіндігі ұсынылды. Қаражатты шетелде оқуға да пайдалануға болады. Бұл ретте, білім беру грантын иеленген жағдайда, жинақтарды тұрғын үй сатып алуға немесе басқа да деңгейде білім алуға пайдалануға болады, - деп түсіндірді ол.

"Келешек" қалай жұмыс істейді?

Шот ашу:

Ата-аналар баланың атына кез келген жаста, кез келген банкте немесе сақтандыру компаниясында жинақ шотын аша алады.

Бастапқы капитал:

5 жасқа толған балалардың шотына мемлекет бір реттік білім алу капиталын аударады:

- барлық балаға – 60 АЕК (2024 жылы 221 520 теңге);

- жетім балаларға – 120 АЕК (2024 жылы 443 040 теңге).

Жарналар мен мемлекеттік қолдау қандай болады?

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың сөзінше, бұл ерікті жүйе.

Бұл жүйеде салымшыларға банктердің сыйақыларынан бөлек, жыл сайын мемлекет 5-7% қосымша сыйақы беріп отырады. 5% барлық салымшы үшін, ал 7% ата-анасының қамқорлығынсыз балалар мен әлеуметтік осал топқа жататын отбасы балаларына, - деді вице-министр.

Бірақ ол "Келешек" бағдарламасы білім алуды қаржыландырудың негізгі көзі емес екенін айтты. Бұл тек қосымша құрал ретінде пайдаланылады.

Жинақталатын соманы есептеп көрдік. Егер ай сайын 1 АЕК (2024 жылы 3 692 теңге) жинайтын болса, онда бала 18 жасқа толғанша 3,6 млн теңгеге дейін жиналады. Ал егер 2 АЕК-тен жинайтын болса, онда жинақ 8 млн теңгеге жуықтайды, 5 АЕК-тен жинаса, 10 млн теңгеден асады. Бұл ең алдымен ата-ананың балаларының оқуын жоспарлау кезіндегі шешімдері болуы керек. Екіншіден, "Келешек" бағдарламасы енгізілгеннен кейін мемлекеттік гранттар жүйесі тоқтап қалмайды. Сондай-ақ оқу ақысын төлейтін басқа да қаражат көздері болады, - деп түсіндірді Талғат Ешенқұлов.

Ата-аналардың жыл сайынғы міндетті жарнасы:

- әлеуметтік осал топтағы балаларға – 12 АЕК;

- басқа балаларға – 24 АЕК.

Жинаққа берілетін мемлекеттік сыйақы:

- барлық балаға – 5%;

- әлеуметтік осал топтағы балаларға – 7%.

Банктің табыс көлемі:

- депозиттің орташа мөлшерлемесінен 2-3 базистік пунктен төмен емес.

Жинақты қалай пайдалануға болады?

Жинақталған қаражатты:

- Қазақстандағы және шетелдегі колледждерде, жоғары оқу орындарында білім алуға;

- Мемлекеттік грант бар болған жағдайда – білім алуды одан әрі жалғастыруға, басқа адамға аударуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға және заңмен рұқсат етілген басқа да мақсаттарға пайдалануға болады.

"Келешек" жүйесінің шарттары қандай?

Егер:

- жыл сайын жарна талаптары орындалмаса;

- салымшы келісімшартты бұзса;

- бала азаматтығын ауыстырса

Мемлекеттен бөлінген бастапқы капитал бюджетке қайтарылады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале