Бәйтерек ауданына қарасты Көшім ауылдық округінде өткен аудан әкімі Марат Тоқжановтың есеп беру жиынында округ әкімі Ауған Алмурзин өткен жылы атқарылған жұмыстарды атап, ірі округтің әлеуеті туралы баяндады.
Аумағы 70 881 гектарды құрайтын округте 4 436 тұрғын бар. 2023 жылы “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында жалпы сомасы 106,8 миллион теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылған. Осы жобалар нәтижесінде 5 жеке кәсіпкер өз ісін ашып, тұрғындар ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары құрылды. Үлкен Шаған мен Колесова ауылдарының тұрғындарына төмен пайызбен несие беріліп, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылық техникасын алу үшін 11 жоба ұсынылды. Сомасы 132,9 миллион теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, мал шаруашылығын дамыту және құс өсіру жұмыстарын жандандыру көзделіп отыр.
2025-2026 жылдарға жоспарланған жобалар арасында көкөніс және бақша шаруашылығы, құс өсіру және автосервис ашу ісіне 36,7 миллион теңге көлемінде 4 жоба жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, 2027 жылға қарай “Колесова” ауыл шаруашылық кооперативі 10 мың бас тауыққа арналған құс фабрикасын салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба іске асса, ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылады.
Аудан әкімі Марат Тоқжанов ауыл тұрғындарына жергілікті өндірісті дамыту арқылы аудан экономикасын көтерудің, жергілікті өнім өндірудің маңызын атады. "Ауыл аманаты" бағдарламасы арқылы аудан тұрғындары қажетті өнімді өздері өндіріп, сыртқы нарыққа тәуелділіктен арылу мүмкіндігіне ие болатынын жеткізді.
Жиында тұрғындар Өркен ауылындағы электр желісінің Янайкинмен байланысын Көшімге ауыстыруды сұрады. Ауылішілік жолдардың лай-батпақ болып, көлік қатынасына кедергі келтіретіні айтылды. Үлкен Шағандағы мектеп ғимаратының апатты жағдайда екені айтылып, жаңа білім ұясын салу мәселесі қозғалды.
- Үлкен Шаған ауылында 600 орындық жаңа мектеп салу жоспары тұр. Ауылішілік жолдарды жөндеу әзірге мүмкін емес. Себебі бюджеттік қаражатты аудан бойынша маңызды деген жобаларға бағыттаудамыз, - деді аудан әкімі. Ал электр желісін ауыстыру мәселесін қарастыруға уәде етті.
Салтанат Серікбайқызы
Бәйтерек ауданы