Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Біржан Меңешовтың төрағалығымен, тиісті сала басшыларының қатысуымен мал ұрлығының алдын алу мәселесін тақырып еткен дөңгелек үстел өтті.
Ауылдық округ әкімдері мен аталмыш мәселеге қатысты сала мамандары оффлайн форматта қатысқанын да айтып өткеніміз жөн болар.
- Республика бойынша 18-20 қараша аралығында "Мал ұрлығы" жедел профиалктикалық іс-шарасы қолға алынды. Нәпақасын осы мал шаруашылығымен тауып отырған ауданымыз үшін бұл акцияның маңызы зор. Мал ұрлығын алдын алуда қандай іс-шаралар қолға алынды, қандай түйткілді мәселелер бар, осыларды ортаға салып, ортақ шешім қабылдасақ, - деп сөз алды Біржан Нұрланұлы.
Аудандық полиция бөлімінің басшысы Бақберген Молдағалиев ағымдағы жылдың он айында үш мал ұрлығы тіркелгенін, бағымсыз мал иелеріне қатысты 121 әкімшілік хаттама толтырылғанын айтты.
- Мал ұрлығы бойынша бұған дейін де бірнеше жиналыс өтті. Аталмыш қылмыстың алдын алуда аудан әкімінің қатысуымен өткен жиында мал бағымы, бағымсыз мал қамағы бойынша меморандумдар қабылданды. Бірақ бұл өз нәтижесін берген жоқ. Сырғасы жоқ малды тиеп бара жатқан көліктерді тоқтатып, малын түсірдік. Бірақ жергілікті жердегі қожалық иелері ауруы болуы мүмкін деп малды уақытша қамаудан бас тартты. Бір жағынан оларды да түсінуге болады. Дегенмен, меморандумға қол қойылғанда бәрі елеп-екшелуі керек еді. Өткенде сырғасыз мал тиеген көлік тоқтатылды. Малға сырға салынбаған, сырғаны пакетке салып алыпты. Мал қожайынының бірегей базада тіркелмеген 200 бас тапсырғаны анықталды. Немесе бір анықтамамен бірнеше дүркін мал тапсырғандар да кездесті. Жұмыс уақытынан, яғни, сағат 18:00-ден кейін анықтама берілмеуі керек. Мал бағымы да бірнеше мәрте қозғалғанымен, еш нәтижесін берген жоқ. Бір де бір ауылда мал бағымы ұйымдастырылмады. Ала жаздай мал бағымсыз далада жүрді. Қожайындар жазда қыдырып, демалды. Тамыз, қыркүйекте шөп тасымалымен жүрді. Мал басын желтоқсанның басында түгендейді. Осы кезде "малым жоғалды" деп арыз айтатындар көбейеді. Негізі, полиция өрістен жоғалған малға жауап бермейді. Күн күрт салқындап, боран тұрғанда, не қатты жауын болғанда талай мал ықтап кетіп, шекарадан шығып кетті. Әлі де сабақ алмаймыз. Мал ұрлығына тосқауыл тек полицейлердің жұмысы емес, бәріміздің міндетіміз, - дейді Бақберген Мақсотұлы.
Аудандық ветеринариялық станса басшысы Алмабек Құрмашев мал қамағына қатысты меморандумның нәтижесіз болмағанын мойындады. Ол қожалық иелерінің малдан қан алуға кедергі келтіретінін, сырға таққызып, базаға тіркетуге де құлықсыз екенін айтып өтті.
Жиналысты қорытындылаған Біржан Меңешов тиісті сала басшыларына хаттамалық тапсырма берді.
Мал қамау, қамақ орындары, уақытша мал ұстау шығындарын есептеу алгоритмін қайта қарап, шешім қабылдауды тапсырды.
- Әр сала өз жұмысын тиісті деңгейде ұйымдастырса, кез келген мәселенің оңтайлы шешімі табылары анық, - деп аудан әкімінің орынбасары жиынды түйіндеді.
Ұлпан Әнуарқызы
Бөкей ордасы ауданы