Жолаушылар тасымалында тиісті талаптарды сақтау да қауіпсіздік кепілі. Мысалы, көліктегі санитар мамандар теміржолшылар назарына оқушылар мен жасөспірімдер топтарын тасымалдау кезінде есте ұстау керек қағидаларды ұсынады. Бұл туралы Қазақстан теміржолшысы жазды.
Ақтөбе бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының маманы пойыз қызметі арқылы жаз мезгілінде балалардың топтық сапары жиі ұйымдастырылатынын айтады. Лагерьге демалысқа аттанған немесе ел ішінде экскурсиялық іс-шараларға, спорттық жарыстарға шығатын балалар ұжымын теміржол көлігімен тасымалдаудың өз ережесі мен талабы бар және ол бұлжытпай орындалуы тиіс. Алдымен кез келген балалар топтары жанында міндетті түрде ересектер және медицина қызметкері болуы керек. Жол жүру кезінде ұйымдастырушыларға ауыз су, медициналық дәрі-дәрмек қобдишасы, бұқтырылған ет, печенье, галеттер, крекерлер, тоқаштар, жұмсақ кәмпиттер, нанды және нан-тоқаш өнімдерінің болуын ескерту қажет. Сонымен қатар сапар барысында жаппай уланудың және ішек инфекцияларының тіркелуін болдырмау аса маңызды.
Ақтөбе бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы Камшат Кзаеваның айтуынша, биыл тасымалданған балалар топтары арасында жұқпалы ішек инфекциялық аурулары тіркелген жоқ.
Дегенмен республика бойынша мұндай жайттар өкінішке орай болып тұрады. Сондықтан оның алдын алу үшін тасымал талабын сақтаған жөн.
Айта кетейік, елімізде 7 жастан 15 жасқа дейінгі балалар билетімен жүруге рұқсат етіледі. Ал 15 жастан асқан балалар ересектер билетін сатып алады.
Бұл жастағы балалар ересек адамның еріп жүруінсіз, бірақ олардың заңды өкілінің нотариалды куәландырылған жазбаша келісімімен өз бетінше саяхаттай алады.
Жасөспірімдердің жол жүру кезіндегі қауіпсіздігі тиісті мамандармен тұрақты қадағаланып отыру қажет.