19.11.2024, 16:15
Оқылды: 45

Олжас Бектенов Президенттің агрофорумда берген тапсырмаларын орындау туралы: Ауыл шаруашылығы саласын экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру үшін тиісті жұмыстарды жолға қою қажет

"Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президенттің биылғы 15 қарашада Астана қаласында өткен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумы барысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлады ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов", - деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы.

img-4394jpeg

Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумында АӨК жаңғырту және нығайту бойынша міндеттер қойды. Басым бағыттар қатарына қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту, отандық тұқымдар мен тыңайтқыштар өндірісін арттыру, саланы цифрландыруды тереңдету жатады.

Шаруаларды жеңілдікпен қаржыландыру және өнімді тиімді өткізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» холдингіне тез арада өтінімдер пулын жинақтап, 1 желтоқсаннан бастап 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын сапалы жүргізу үшін дихандарды қаржыландыру жұмыстарына кірісу тапсырылды. Азық-түлік корпорациясы фермерлерден астықты қолайлы бағамен тікелей сатып алуды қамтамасыз етуі керек.

Биыл ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бөлінетін жеңілдікті қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайғаны атап өтілді. Несиелеу тетігі есебінен 2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер техника паркін жаңартуға мүмкіндік алды. Олжас Бектенов техниканы жыл сайын 8-10% деңгейінде жаңартып отыру үшін жеңілдетілген лизингтік қаржыландыру көлемін ұлғайтып қана қоймай, құрастыру зауыттарында өндірісті локализациялау деңгейін арттыру қажеттігіне назар аударды. Тиісті міндет Өнеркәсіп және құрылыс, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен «Бәйтерек» холдингі алдына қойылды.

2027 жылға дейін агросекторда жалпы құны шамамен 2,3 трлн теңге болатын 700-ден астам жобаны іске асыру жоспарланған. Премьер-министр бұл Президенттің қайта өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңір әкімдері тарапынан осы жобалардың барлығын қатаң бақылауда ұстап, толық өндірістік қуатына шыққанша сүйемелдеп отыруы тиіс екені атап өтілді.

Олжас Бектенов бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін агрономияны дамытудың маңыздылығын баса айтты.

«Мемлекет басшысы 2028 жылы отандық тұқым қорының көлемін 80%-ға, оның ішінде элиталық тұқым көлемін кемінде 15%-ға дейін жеткізуді тапсырды. Бізде әлеует жеткілікті. Ғылыми институттар қазірдің өзінде астықтың өнімділігін арттыратын тұқым сорттарын шығарып жатыр. Біз үздік әлемдік практикаларды қолдана отырып, агрономия ғылымын одан әрі дамытатын боламыз», — деп атап өтті Премьер-министр. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы және Ғылым және жоғары білім министрліктеріне аталған мәселе бойынша жүйелі шешімдер дайындауды тапсырды.

Олжас Бектенов сондай-ақ келесі жылы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының Ақтөбе филиалы базасында құрылып жатқан Жылқы шаруашылығы институтының толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті рәсімдердің барлығын жедел аяқтау міндетін қойды.

Өнімнің түсімін арттыру үшін сапалы әрі қолжетімді тыңайтқыштар қажет. Биыл отандық тыңайтқыштарды сатып алу үшін аванстық субсидиялау тетігі енгізілді. Нәтижесінде егіс алқаптарына себілетін тыңайтқыш үлесін 2 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Олжас Бектенов Премьер-министр Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне импортқа тәуелділік деңгейін төмендету жұмыстарын одан әрі жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар отандық зауыттарымыз шығарылатын өнімдердің ассортиментін, әсіресе органикалық тыңайтқыштар өндірісін кеңейтуі тиіс.

Сондай-ақ АӨК процестерін цифрландыру және автоматтандыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды. Ауыл шаруашылығы саладағы есепке алу мен бақылаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін тиісті электрондық платформаларды іске қосуды жеделдету тапсырылды. Сонымен қатар отандық шаруалар өндірген өнімдерін сыртқы нарыққа шығару үшін Ауыл шаруашылығы, Көлік, Сауда және интеграция министрліктері ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін нығайту бойынша шаралар кешенін әзірлеуі, оның ішінде жаңа көлік-логистикалық бағыттарды пысықтауы қажет.

Премьер-министр Олжас Бектенов алдағы Жұмысшы мамандықтар жылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және ауылға қажетті мамандарды тартуға қуатты ынталандыру бола алатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы қоғамда еңбекқорлық пен кәсіби құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталып, масылдық көңіл-күйден арылу керек екенін атап өтті. Біз нағыз еңбек адамдарын, қарапайым жұмысшыларды, еңбек әулеттерінің өкілдерін, кәсіпорындардағы, бизнес пен мемлекеттік сектордағы тәжірибелі қызметкерлерді қолдауға тиіспіз. Жұмысшы мамандықтарды қолдау жұмыстары ақпараттық кеңістікте де жүргізіліп, барлық масс-медиа мен әлеуметтік желілерде қозғалуы тиіс. Бұл – Мәдениет және ақпарат министрлігінің, барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің міндеті», — деді Олжас Бектенов.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале