Жуырда ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында облыс әкімі Нариман Төреғалиев бірқатар ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін марапаттаған болатын. Еңбегі бағаланып, мерейі үстем болған жандардың бірі, Шыңғырлау ауданының азаматы, «Жарас» шаруа қожалығының механизатор-комбайнері Серік Төлеуішов ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен наградталды.
Бұл Серік Төлеуішовтың талай жылғы адал еңбегінің, ауылының көркеюі жолында төккен терінің жемісі деп білеміз.
Марапат иесін аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев қабылдап, құттықтауларын жеткізді.
«Еңбек адамына қай кезде де құрмет жоғары. Себебі ел көшінің алға басуының ең басты тетігі ол – еңбек. Ауданымызға сіңірген еңбегіңіз бен абыройлы қызметіңізге біз құрметпен қараймыз. Сіздің еңбек жолыңыз да, өмір жолыңыз да көпке үлгі. Марапатыңызбен шын жүректен құттықтаймын!», - дей келе жылы лебіздерін білдіріп, шағын сый-сыяпатын табыс етті.
Әсел Әлім
Шыңғырлау ауданы