20.11.2024, 11:17
Оқылды: 103

Темірлан – әлем чемпионы

Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ересектер арасында самбодан өтіп жатқан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Әлем чемпионатына 80 мемлекеттен 470 спортшы өзара кім мықтыны анықтады. Ал Қазақстан намысын 28 самбошы қорғады. Жалпы командалық есепте еліміз жүлделі екінші орынға қол жеткізді. Осыған дейін спортшыларымыз жалпы есепте ең жоғарғы 2-орынды 2014 жылы Жапонияда өткен әлем чемпионатында тіркеген екен. Араға 10 жылдан артық уақыт салып, сол шыққан биікке қайта көтерілу бұйырған.

WhatsApp Image 2024-11-17 at 22.17.13 (2)

«Қазақстан жерінде екінші мәрте ұйымдастырылған әлем чемпионатын абыроймен аяқтап, жалпы есепте екінші орынды алдық. Қолдау танытқан, оқу-жаттығу жиынын өткізуге көмектескен жандарға алғысым шексіз. Жүйелі түрде дайындалдық. Міне, енді соның жемісін көріп жатырмыз. Жеңісті күндерде жолыққанша!» - дейді Ұлттық құраманың бас бапкері Біржан Имаханов баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

WhatsApp Image 2024-11-17 at 22.17.13 (1)

Біздің бөрліліктердің бақытына орай осы бәсекеде ел қоржынына алғашқы алтынды жерлесіміз Темірлан Көлбай салды. Елдің үмітін ақтаған палуанды аудан жұртшылығы құрметпен күтіп алды. Ақсайға кіре беріс жолда атқа қонған жігіттер чемпионның құрметіне сап түзеді. Сонымен қатар аудандық демалу орталығының әншілері қазақтың қасиетті домбырасымен әуелете ән шырқап, Темірланның абыройын арттырды. Байрақты бәсекеде көк туды желбіреткен ұланды күтіп алуға ауданның азаматтары жиналды. Одан соң Темірлан мен  алғашқы бапкері Қасым Қаженовты ортаға алған жігіттер «Қарашығанақ» дене шынықтыру стадионына қарай бет түзеді. Мұнда чемпионды ауданның бір топ жас өрендері күтіп алды. Әлемнің алдында елдің абыройын көтерген жеңімпазға жас спортшылар ерекше құрмет жасады. Спортқа жаңа қадам басқан жас балғындардың көзінен «Мен де осылай чемпион болсам» деген жалынды байқадық және оларға осындай үлгі көрсете алған Темірланға ішімізден шын риза болдық. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Исатай Қарабаев, БЖСМ директоры Есенаман Стамғазиев және ел азаматтары, аудан жұртшылығы қатысты.

WhatsApp Image 2024-11-17 at 22.32.22 (1)

Аудан халқының атынан аудан әкімінің орынбасары Алтай Серғазыұлы чемпионға тілегін жеткізді.

- Бөрлі ауданы үшін бұл үлкен тарихи сәт. Жетістіктің артында қанша жылғы еңбек пен маңдай тер жатыр. Оның барлығы адам бойындағы қайтпас қайсарлық пен талмас талаптың арқасы. Әлем чемпионы деген үлкен атақты біздің ауданның азаматы иемденгені Бөрлі спортының бәсі биіктігін аңғартады. Халыққа осы жеңісті сыйлаған Темірланды бүгінгі күннің батыры десек артық емес. Сені көріп отырған мына балғындар алдағы уақытта сенің ізіңді жалғайтын елім деген азаматтар болсын. Шын жүректен құттықтаймын!, - деп сөзін арнады.

Әрине жетістіктің артында залдағы тынымсыз жаттығулар, уақытпен келетін тәжірибе тұратыны анық. Дегенмен оның басында спортта адамды тану маңызды. Темірланның алғашқы бапкері Қасым Қаженов талай мықтыны додаға қосқан жаттықтырушы. Алайда оның спортта баулыған азулысының бірегейі осы Темірлан екені сөзсіз. Тіпті кешегі кездесудің бейнежазбасын көргендер Темірланның топта өзі алға ұмтылмай алдымен жаттықтырушысына жол беріп, артынан еруі үлкен азаматтығын танытатындығын байқап, жылы сөздерін арнап жатыр. Жиында Темірлан Көлбайдың алғашқы бапкері Қасым Қаженовке сөз берілді.

- Темірлан менің алдыма келгенде 2-3 оқитын кішкентай бала еді. Әрине спортшының алдынан талай қиындықтар шығатыны анық. Бүгін 30-ға келген шағында әлем чемпионы атанып отыр. Осы аралықта ол көптеген кедергілерді артта тастағаны шындық. Оның барлығын көтеру үшін алдымен қайсарлық пен мықты рух керек. Осы сынға Темірлан дайын болды. Спортта үнемі сәттілік бола береді деу қате ұғым. Сондықтан жетістіктің артында толғай еңбек жататыны анық. Бүгінгі чемпионды күтіп алу салтанатына қатысып отырған жас споршыларды осы биіктен көргіміз келеді. Ауданның спорты жасай берсін. Біздің Темірландай батырлар биікке өрлей берсін, - деді өз сөзінде Қасым Маратұлы.

WhatsApp Image 2024-11-17 at 22.17.13

Спорттық самбодан аса ауыр салмақта бақ сынаған Темірлан Көлбай (+98 кг) финалда моңғолиялық спортшы Пуревдорж Дамдинчуренді жеңіп, елдің намысын абыроймен қорғай білді. Ол жарыс барысында Жапония жампозы Кеничи Накаямадан айласын асырып, артта қалдырды. Гондурастық Бред Флоресте оңай қарсылас болмаса да Темірлан оның да осал тұсын дөп басты. Өз ағам деп жүрген өзбек палуаны Нұрбек Тураевты алып жықты, жартылай финалда Степан Солдатенковты (FIAS) шалып жықты. Осылайша алыптар бәсекесінде Темірланның асығы алшысынан түсті. Kazinform тілшісіне берген сұхбат барысында:

- Барлық қарсыластарым да осал болған жоқ. Бұл елдің жеңісі деп ойлаймын. Талай жылғы төгілген тер текке кетпей, бапкерлерімнің еңбегі ақталды. Маған жанашыр болған адамдардың бәріне мың алғыс. Менің осындай жетістікке жетуіме алғашқы бапкерім Қасым Маратұлының, жеке бапкерім Райымбек Ромашұлының және Орал қаласындағы спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мектеп интернатта оқыған кезде менімен жұмыстанған жаттықтырушы Мирлан Төлегенов есімді ұстаздарымның зор еңбегі сіңді деп айта аламын. Алдағы мақсатым туралы айтсам, жаттықтырушыларыммен ақылдасып, бір шешімге келемін, - деді Темірланның өзі.

Спорттық жолында алғаш рет әлем чемпионы атанып отырған Темірлан Көлбай 1995 жылы Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласында дүниеге келген. 2001-2008 жылдары Ақсай қаласының № 2 ЖББОМ, 2008 жылдан бастап Орал қаласындағы спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мектеп интернатта оқыған. 2005 жылдан бастап аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо күресі бөліміне қатысқан. Алғашқы бапкері Қасым Маратұлы Қаженов. 2013-2017 жылдары жылы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алған. 2018 жылы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша магистратурасын тәмамдаған. 2018 жылдан бастап қазіргі күнге дейін аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдо күресінен оқытушы-жаттықтырушы қызметін атқарады.

Самбодан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан Қазақстан Республикасының спорт шебері,  самбодан және дзюдодан ересектер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының  бірнеше дүркін жеңімпазы, самбодан үш дүркін Азия чемпионы, қазақ күресінен «Жайық барысы» турнирінің бірнеше дүркін жеңімпазы, «Көшпенділер Әлемі» этнофестивалінің самбо күресінен қола жүлдегері, Спорттық самбодан 2023 жылдың 20-30 қазан күндері аралығында Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарының чемпионы, 2024 жылдың 8-10 қараша күндері аралығында Астана қаласында өткен самбодан Әлем чемпионатында спорттық самбодан +98 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды.

Әлем чемпионы деген атақты біздің бөрлілік Темірлан Көлбай иеленгені қазақ спорты тарихындағы теңдессіз жетістіктердің бірі. Соған қол созып, тау мен тасты бағындырған чемпионға аудан халқы қандай құрмет көрсетсе де жарасатыны анық. Бөрлі спортының бағы болған балуанның алар асуы таусылмасын. Біздің де, елдің де тілегі осы!

Мейрамбек Сыдықов, 

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале