Бүгін Тайпақ ауылында бір емес, екі емес, тұтас 13 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Осы қуанышқа орай ұйымдастырылған салтанатта Ақжайық ауданы әкімі Мұрат Сердалин қоныс иелерін құттықтап, пәтер кілттерін табыстады.
– Бүгін Тайпақ ауылының тұрғындары үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. 13 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Баспаналы болуды армандайтын жан үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Осы қуанышқа сеп болған құрылысшыларға жұмыстарды тиянақты, уақтылы және сапалы аяқтағаны үшін зор ризашылығымды білдіремін. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын, береке-бақ арта берсін! – деді аудан басшысы.
Салтанатта еңбек ардагері Боранбай Қыдырғожин жұртшылықты үлкен қуаныштарымен құттықтады.
Аудан басшысымен бірге жиналғандар да жаңа үйді аралап көрді.
Биыл аудандағы Бударин, Алғабас, Мерген, Ілбішін, Жаңабұлақ ауылдарындағы пәтерлердің кілті тұрғындарға табысталса, Битілеу ауылына «Қаладан ауылға» жобасы аясында көпбалалы екі отбасы көшіп келді. Олар да жаңа баспанадан қоныс тепкен болатын. Бүгін қоныстойын атап өткендер көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты қариялар, мүмкіндігі шектеулі баласы бар ата-аналар санатынан. Сонымен қатар Базаршолан ауылдық округінен 2 отбасыға да жаңа үйлерден пәтер бұйырды.
Әсет Бисенғалиев,
Ақжайық ауданы