21.11.2024, 16:15
Оқылды: 86

Теректідегі жайдарман жаңа деңгейге көтерілді

Теректі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жайдарман ойынының аудандық лигасының 1/8 ойыны өтті. Айта кетейік, жастар қолға алған жайдарман ойыны аудандық мәдени-демалыс орталығы тарапынан қолдау тапты.

1

Жанарларды жаулаған жайдарманның тізгінін шағандық жас мұғалім, республикалық ойындарда өңір намысын қорғап жүрген жайдарманшы Бағжан Серіков тізгіндеді.

Бұл жолы көрермен залынан табылған теректіліктің қатары көп болды. Теректінің Есен Елеукені болғысы келетін жүргізуші еркін форматта сәлемдесіп, жайдарманның жайдарлы көңіл күйін сыйлады. Ойында он команда бақ сынады. Атап айтсақ, «Белесимо», «Назар», «Толқын», «БХР», «Бикеш», Госплемстанция құрамасы, «Куә бол», «Өзге», №1, «Теректі Юнайтед» топтары ауданымыздағы жайдарманға жаңа леппен келді.

Командаларға «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев, БҚО Мәдениет саласының үздігі, белгілі әнші, танымал асаба Айбек Дәулетқалиев, аудандық «Теректі жаңалығы» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы, Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Әділет Орынбасаров, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Нұрсұлтан Қадырғалиев, орталықтың жетекші маманы, аудандағы жайдарман қозғалысының редакторы Дастан Төлеген қазылық етті.

7

Сонымен қатар қазылар алқасынан тыс тәжірибелі жайдарманшы, шағандық Бекзат Батталов ойынды сараптады.

Жас жайдарманшылардың аяқ алысы қуантады. Он жылдан кейін жарқырап келген жастар астарлы әзілдер арқылы қоғамдағы мәселелерді түйреп шықты. Қазылар алқасы әр топтан кейін өз ойларымен бөлісіп, жақсы тұстарына сүйсініп, кемшіліктерін ескертіп отырды. Бұл лигаға дейін ауданымызда бір реттік ойындар, әкім кубогы сияқты додалар ғана ұйымдастырылған. Оның өзінде теректілік жастар жүлдеге іліге алмай қалатын еді. Ал оларға Теректі лигасы – үлкен мектеп.

Соңында жайдарман ойынының шымылдығын жоғары деңгейде ашқан командаларға алғыс айтылды. Сондай-ақ «Көрермен көзайымы» аталымын «Куә бол» тобы, «Бикеш» болса, «Үздік команда» аталымын, «Үздік ойыншы» аталымын «Белесимо» тобының капитаны Еркенже Әлібекұлы жеңіп алды. Жүргізуші 1/4-ке сәттілік тілеп, ойынды түйіндеді.

6

Нұрсұлтан Жасұланұлы өз сөзінде республикалық маусымашар ойындарына бару үшін демеушілік танытатын атымтай жомарт кәсіпкерлерге іздеу салды. Деңгейі арта түскен жайдарман ойындарын қолдауды біз де кезек күттірмеймін мәселе қатарына жатқызамыз.

Ақтілек Әлібек
Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале