Оған такси құнының өсуіне бір ай турасында болған жанар-жағармай мен сұйытылған газ тапшылығы себеп болған еді. Бұл жазбаны шығарудағы мақсатымыз такси жүргізушілерін уақытша болған тапшылықта халықтың етегінен тартпай, сабырлылық пен түсіністік танытып, «баға тұрақтылығын» сақтап қалуға шақыру еді. Көтерген мәселе ескерусіз қалмай, аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов құзыретті органдармен тікелей эфирде жиналыс өткізген болатын.
Жиналысқа қатысқан қоғамдық көліктердің жүруін ұйымдастырып отырған «Сайхаденова У.И.» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Марлен Сайхаденов өз сөзінде «бағаның өсуіне тұрғындардың өздері себепкер болып отыр» деген болатын.
«Жәнібек-Орал» бағытында жүретін 49 орындық автобустың 15 адаммен келген күні де болған. Сол эфирден соң автобус қызметіне жүгінушілердің саны артқан сынды. Қашан хабарлассаң да билет болмай жатады. Бұл да бір нәтижесін берген жұмыс болды деп түсіндік. Алайда, сол кезде жанар-жағармайды сылтау еткен такси жүргізушілері бағаны әлі де түсірген жоқ. Өткен жиналыста Жақсылық Каримоллаұлы құқық қорғау органдары мен дербес бөлім басшылары және БАҚ өкілдерінің бақылауымен рейд жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізген болатын. Сонда да, айтылған ескертулер ескерусіз қалғандай...
Орекеңдер айтқан: «Не хочешь по хорошему, будет по плохому», - дегенге жеткізбеу үшін бүгін аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірнеше дербес бөлім қызметкерлерімен бірге заңсыз такси қызметін ұсынып жүрген көлік жүргізушілерін анықтау мақсатында рейд жүргізді. Дегенмен, барлығымыз да «күнкөріс, бала-шағаның қамы» деп жүрген бір пенде болғандықтан, ешкімге тарпа бас салмай, алдымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нәтиже шығармағандарға ғана заң аясында нақты шаралар қолданылатындығы ескертілді. Аталған тексеріс жұмыстарының астарында «баға тұрақтылығын» орнықтыру мақсаты жатқаны белгілі. Бұның барлығы аудан халқының қамы үшін жасалып жатқан жұмыстар екендігін қаперлеріңізге беріп, тұрғындардан да, бізге қарай бір қадам жасап, тізе қосып жұмыстануға шақырамыз. Біле білсеңіз, заңды сыйлағанның еш
әбестігі жоқ.