Бүгін Жаңақала аудандық полиция бөлімінің ұжымы Рухани орталық ғимаратында жерлес ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ауданымыздың құрметті азаматы Закария Сисенғалимен кездесу ұйымдастырды.
Мақсаты – өлкемізде ойып тұрып орын алар қарымды қаламгердің өнегелі өмір жолын, шығармашылығын жас ұрпаққа таныстырып, кітап оқуға құлшыныстарын арттыру. Кездесуге аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Мұқанов пен мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева қатысты.
Аудандық орталықтандырылған кітапхана
ұжымы ақынның өмір жолы мен шығармашылығы жайлы оқырмандарға мазмұнды кітап көрмесін ұйымдастырып, шара тізгінін аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Хасенов пен аталмыш бөлім бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция майоры Ердәулет Бисенғалиев жүргізді. Кеш иесі жүргізушілер мен көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, өз өлеңдерінен үзінді оқыды.
Еске салып өтейік, Закария Жүсіпқалиұлы «Әнім сенсің Жаңақала», «Ақ тілек», «Жылдар-ойлар», «Қарашада қалған мұң», «Өткен күнде белгі бар» т.б. жыр жинақтарының авторы, бірнеше әннің сөзін жазып, шығармалары 20-ға жуық топтама жинақтарға және біраз өлеңдері қазақ ақындарының антологиясына енген.
Кеште кітапханашы мамандар Райгүл Дәуімқызы, Ақерке Әділбекқызы мен Айнұр Құсайынқызы қаламгердің «Өзіңмен сырласу» өлеңін оқыса, ақынның досы, сазгер Ерлан Сатыбаевтың сүйемелдеуімен аудандық мәдениет үйінің әншісі Қуанышбек Айдарбеков «Ақ Жайық – ару мекенім», «Майдангерлер мәңгі сапта», сондай-ақ кітапхана әншісі Талғат Қайырғалиұлы «Аға өзіңдей болғым келеді» әндерін көрермендермен қоса шырқап, шараға әр берді.
Кеш соңында Закария Жүсіпқалиұлы «Сөйлейді уақыт» кітабына қолтаңбасын қалдырып, полиция бөліміне сыйға тартты.
Айзада Ақбасова