Орал қаласындағы Nur-Er ат спорты туристік орталығында ұлттық спорт түрі көкпардан Қаратөбе ауданының ашық турнирі өтті.
Көкпар додасы еліміздегі ұлттық ат спортына қызығушылықты арттырып, жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге баулу, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, дәстүрлі ат спортын көпшілік спортына айналдыру, ұлттық ат спорты түрлерін кеңінен дамыту мақсатында өтіп жатыр.
Алдымен аудан басшысы Қадыржан Орынбазарұлы Nur-Er ат спорты туристік орталығының жұмысымен танысып, кешенді аралады.
Ептілік пен күш сынға түсетін доданың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі спортсүйер қауымды күздің қоңыр күндерін қызықты думанға айналдырған балуандардың өнерін тамашалауға келген жұртшылыққа ризашылығын білдіріп, көкпаршыларды әділ де әдемі ойын өрнегін көрсетуге шақырып, ұлттық спорттың туын желбіреткен жігіттерге сәттілік тіледі.
– Ауданымызда көкпар ойындарын қолға алғанымызға көп уакыт болмаса да көкпаршы палуандарымыз көптеген аудандық, облыстық, жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Сонымен қатар көкпар ойындарына демеушілік танытып жүрген шаруа қожалық иелері және кәсіпкерлеріміз де баршылық. Жалпы көкпар ойыны ат үстінде ептілікпен ер азаматтың тақымын шынықтыратын спорттың түрі. Ауданымызда ұлтық спорттың, осы түрін әлі де дамыта түсуіміз қажет. Ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан бұл ойын ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тапса деймін. Көкпар – қазақтың қанына сіңген өнер. Қалың ортаны қақ жарып барып, дода ортасынан серкені суырып шыққан шабандозын көргенде жүрегі туламайтын қазақ бар ма?! Аталған ұлттық спорт түрін жанына жолдас еткен Сіздерге өз алғысымды білдіремін!
Құрметті спорт сүйер ағайын! Ұлтық спортымызды дәріптеп, көкпаршылардың басын қосатын дүбірлі додаларымыз көбейіп, облысымыздың көкпаршыларының саны артып, әрдайым еліміздегі жарыстарда бақ сынап, жеңіс тұрғырынан көріне беруге тілекшімін, - деді.
Сонымен қатар Nur-Er ат спортты туристік орталығының иесі Нұрболат Айдынғалиұлы, жарыстың бас демеушісі «Shelpek» асхана желісінің иесі Алтынбек Асанов сөз алып, көкпаршыларға сәттілік тіледі.
Шарада ұлттық спортқа демеу, көкпарға көмек болып «Қартөбе» көкпар командасына «Нұр қасқа» атты арғымақты алып берген ауыл азаматы Бекболат Рахымғалиұлына арнайы диплом табысталды.
Көкпар турниріне бас төреші Абай Кежебаев қазылық етіп, командалардың тартысқа толы ойындарын қырағы көзімен бақылап, көкпаршылардың ережені бұзбай, тәртіп сақтауын қадағалады.
Көкпарға облысымыздың Теректі, Ақжайық, Шыңғырлау, Қаратөбе аудандарынан көкпаршылар қатысып, доданың думанын қыздырды.
Көкпаршылар додашыл атына сеніп, өзгелерден айласы мен шеберлігін асырған бірнеше палуан салымды болып, көрермен қошаметіне бөленді.
Серкені тақымға қысқан спортшылар арасындағы көкпар ойыны нағыз мықтыны анықтады.
Дүбірлі додада бағы мен бабы келіскен, шеберлігі асқан мықты шабандоздар бақ сынасты. Тартысты көкпар бәсекесі қалаға қарасты Nur-Er ат спорты туристік орталығында ұйымдастырылғандықтан, көрермендердің де қарасы қалың болды.
Айта кетейік, дүбірлі көкпар додасының бас демеушісі «Shelpek» асхана желісі.
Жарыс қортындысы бойынша жүлделі бірінші орын Шыңғырлау ауданының көкпаршыларына бұйырды. Ал екінші орынды Ақжайық ауданының спортшылары еншілесе, соңғы жүлделі үштік Қаратөбе көкпаршыларына бұйырды.
Жарыстың «Үздік ат» номинациясын Шыңғырлау ауданының атты Джонзе марапатталса, «Үздік шабандозы» номинациясымен Ақжайық ауданының көкпаршысы Сұңғат Рсалиев марапатталып, құрмет көрсетілді.
Райымбек Абай
Қаратөбе ауданы