Таяуда өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев 2024 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның мәлімдеуінше, мемлекет тарапынан өз кәсібін дөңгелеткісі келетіндерге үлкен қолдау көрсетілуде. Қайтарымсыз грант бойынша 39 өтінім қабылданып, 25 жоба қаржыландырылған.
– Ауданда 104 078 ірі қара, 166 126 қой мен ешкі, 39 755 жылқы және 574 түйе өсірілуде. 108 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. «Ауыл аманаты» жобасы аясында жалпы құны 465,2 млн теңгені құрайтын 55 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Тұрғын үй кезегіне 5 санат бойынша 702 азамат тіркелген. Кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамту мақсатында 67 үй салынуда. «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы аясында Жаңажол ауылдық округіне – 4, С. Меңдешев ауылдық округіне 2 отбасы қоныс аударды. Олар баспанамен, жұмыспен қамтылды. Айта кетейін, ауданымызда сенбіліктер жиі ұйымдастырылып тұрады. Тұрғындардың өтініш-тілегі ескеріліп, аудан орталығы маңында орналасқан полигон тазартылды. Аудан бойынша 22 денсаулық сақтау нысанында 362 медицина маманы қызмет етуде. Биыл Үшкемпір, Сарыкөл, Жуалыой, Аққұс және Мұқыр ауылдарындағы медициналық пункт ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді Алпамыс Жаңабайұлы.
Жаңақала ауданының әкімі осы бағытта сөз сабақтап, түрлі сала бойынша жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар жайлы егжей-тегжейлі баяндады. Жол құрылысы, жастар саясаты, білім, мәдениет және спорт салаларында атқарылған ілкімді істерді де назардан тыс қалдырған жоқ.
– Жаңақала мектеп-гимназиясының материалдық-техникалық әлеуетін жаңартуға «Қазақстан халқына» қоры арқылы 250 млн қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл – «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан шаруа. Аудан бойынша қазіргі таңда 22 кітапхана, 13 мәдени-демалыс ұйымы және 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында 123 спорттық іс-шара өткізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны мәлім. Сондай-ақ адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен жандарға тиісінше құрмет көрсету қажеттігін атап өтті. «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Осыған байланысты аудан әкімдігі ғимараты маңындағы Құрмет тақтасы жаңартылды. Құрмет тақтасына ұзақ жыл бойы еңбек етіп, ауданның дамуына зор үлесін қосқан жандардың фотосуреттері ілінді. Қарапайым еңбек адамының өнегелі өмірін жас ұрпаққа насихаттау, үлгі ету – тәлім-тәрбиенің тиімді бір тәсілі деп санаймыз, – деді Алпамыс Көшкінбаев.
Мәрлен Ғилымхан
zhaikpress.kz