26.11.2024, 11:16
Оқылды: 13

Бәйтеректе «Ризашылық» клубының жұмыс қалай жүріп жатыр?

Бәйтерек аудандық мәдени-демалыс орталығының жанынан «Ризашылық» мүгедектіктері бар өнерлі жандардың клубы жұмыс істейді.

7e55d9cc-40bb-4b4b-a15a-30c10e50c695

Өмірге құштарлығы артқан жандарды қолдау, олардың өнерін халыққа таныту және жаңа есімдерді шығару мақсатында құрылған клубтың қазіргі таңда 12 мүшесі бар. Барлығы – белсенді.

Аталмыш клуб жетекшілерінің айтуынша, бастапқыда тұйық, ауырлау мінезбен келгендердің  қазір ашылып, ортақ мақсатқа бірге жетудің қамын ойлайтын деңгейге жеткен. Клубқа тек арбаға таңылғандар емес, көру, есту-сөйлеу қабілеттерінде мүкістігі бар жан да мүше.

Бірлестіктің негізін қалаушы – аталмыш орталықтың бөлім басшысы Амангүл Намазова. Ал клуб мүшелері жетекші етіп өздерінің арасында жүрген белестік Назерке Өтеғалиеваны бірауыздан сайлапты.

– Жұмысқа, әрекетке қабілеттілік – бұл бәсекеге қабілеттіліктің басты көрсеткіші. Олардың жеке топ болып емес, біртұтас мәдени кеңістікте дамуы керек. Қоғамның «қалыпты» мүшелері мен «ерекше» мүшелерін жіктейтін, бөліп-жаратын жағдайлардың түбегейлі жойылуына атсалысамыз. Мылқау, не мүгедек болсаң да толғанысқа бөлейтін әндерді шырқап, тепсіне билеп, толғана жырлап жіберуге болады. Өнердің ән, би, күй, мәнерлеп оқу т.с.с. барлық түрін бойына жинаған клуб мүшелері өнерлерін аудан тұрғындарына паш етуде. Клуб мүшелері Белес, Раздодьный, Переметный, Байқоныс, Володар, Атамекен ауылының тұрғындары болып табылады. Олар түрлі іс-шараларға, соның ішінде «Өз жүрегіңнің жылуымен бөліс» өнер фестиваліне белсене қатысып келеді. Сонымен қатар «Жан жылуы», «Жақсылық жасауға асығайық» қайырымдылық концерттерінен қалыс қалмайды. Алдағы уақытта клуб белсенділерінің қатысуымен дөңгелек үстел, отырыстар, концерт және байқаулар өткізуді жоспарлаудамыз, - дейді Назерке Жүсіпқызы.

Салтанат Серікбайқызы

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале