Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжановтың есептік жиыны Атамекен ауылдық округінде өтті.
Атамекен ауылдық округі әкімі Фархат Умбеткалиевтің баяндамасына сүйенсек, Атамекен ауылы 78,2% және Қайнар 96,4 % таза ауыз сумен қамтамасыз етiлген. Округтің әлеуметтік нысандарында барлығы 5 бу қазандығы тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Округтің 93,2 пайызы көгілдір отынды пайдаланып отыр. Округ аумағы 100% электрлендірілген, барлық үй мен нысан электр желісіне қосылған. Сонымен қатар Атамекен, Қайнар, Гремячий ауылдарының көшелері толығымен түнгі мезгілдегі көше жарығымен қамтылған.
Ауылдық округі бойынша 11 сенбілік ұйымдастырылған. Ауыл тұрғындарына қоқыстарды уақытымен жинау үшін хабарлама таратылып, Атамекен және Қайнар ауылдарынан 1 300 тонна қоқыс шығарылды. Ауылдық округ бойынша жаңа жылдан бастап 35 қаңғыбас ит ауланды, жұмыстар жалғасуда. Атамекен және Қайнар ауылдарына жалпы 1 000 жас көшеттер отырғызылды. Сонымен қатар Қ.Қайсенов және І.Есенберлин мектептерінің айналасына, ауылдық клубта, Қайнар ауылының саябағында түптер егілді.
Ауылдық округ елдімекендердің ішкі жолдарын тазалау және күтіп ұстау үшін «SK BASI» ЖШС-і тендер ұтып, жұмыстар ұйымдастырылуда.
Гавриловка бөгетін айналып өту үшін «Коммунальник» мекемесінің техникасы көмегімен жабу, қазу жұмыстары жүргізілді. Қайнар ауылының жауын-шашын жырып кеткен бөгеті қалпына келтірілді.
Атамекен ауылындағы төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында бөлінген техникалар көмегімен Гавриловка өзенінің жағалауына нығайту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар өзен жағалауында орналасқан 4 (төрт) труба 80-90 см. төмен орнатылды. Төтенше жағдай салдарынан көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Атамекен – Гремячий тасжолының екі тұсы нығайтылды. Қайнар ауылында Деркөл өзенінде орналасқан бөгетті қалыпқа келтіру мақсатында келер жылға 95 тонна әк тас дайындалды.
Атамекен ауылы тұрғындарының ауызбіршілігі арқасында жиналған 350 мың теңгеге қажетті материалдар алынып, орталық алаңға ауыл азаматтарының көмегімен балаларға арналған сырғанақ жасалды. Сонымен қоса «Камалова А.П.» жеке кәсіпкері өз қаражаты есебінен сыр алып беріп, ойын алаңы сырланды. Атамекен ауылы шетінде орналасқан бұрыңғы бөгет қалыпқа келтірілді.
Қайнар ауылына аудан бюджетінен 1 200 000 теңге көлемінде қаражат бөлініп, балалар ойын алаңы және стритворкаут жабдықтары сатып алынды. Аталған жабдықтар ауыл тұрғындарының көмегімен орталық саябаққа орнатылды. Сонымен қатар Қайнар ауылының орталық саябағына Мерген Дюсенбеев биіктігі 6 метр болатын «Бәйтерек» монументін сыйға тартқан болатын.
Атамекендіктерді ауылда жаңа балабақшаның бой көтеруі, Переметныйдағы Деркөл көлі үстімен өтетін көпір құрылысының тұралап қалғаны алаңдатады.
Сауалдарды назарға алған аудан әкімі Марат Тоқжанов жаңа балабақшаны ашу бүгінде жеке кәсіпкердің қолға алуымен шешілетінін айтып, бұл жерде екінші мәселе бала санының толуына байланысты деді. Ал көпірге қатысты түйткіл осының алдындағы есептік жиындарда атап өткендей мердігер ұйымның жауапсыздығы салдарынан аяқсыз қалғанын түсіндірді.
Гүлім Орда
Бәйтерек ауданы