26.11.2024, 17:45
Оқылды: 10

Жаңақалада еңбектің ебін тапқан отбасы тұрады

Қазір «алма піс, аузыма түс» деп жататын уақыт емес. Оны күнделікті өмірде көзімізбен көріп те, естіп те жүрміз. Көпшілік жеке істі қалада бастау керек деп есептейді. Өйткені онда мүмкіндіктер көп. Бірақ, аядай ғана аудан орталығынан өз қаражатынан кәсіп ашқан Сейткереевтер отбасы көпке үлгі.

d7e6c266-80e9-4bc6-be0e-4d9d3467c191

«Еңбек түбі – береке» дейді дана халқымыз. Шын мәнінде, адал еңбекке бет бұрып, осынау өміршең құндылықты қазіргі нарықтық заманға сай кәсіпкерлікпен ұштастырып отырған азаматшалар арамызда аз емес. Иә, өз еңбегін ұйымдастыра білген адам кәсібін дөңгелете алатыны хақ.

Бұл отбасының кәсіпкерлікке бет бұрғанына да көп уақыт өтпесе де, олар белдерін бекем буып, шағын ғана «Шашлыки» атауымен жекекәсіптерін ашты. Кейіннен «Жігер» атауымен жаңаша өзгеріс енгізді. Бұл жанұяның тасы өрге домалағалы – жылдың жүзі болды. Бүгінде «қарап жатпайтынның қармағы қабатынын» көпшілік түсінген. Әрі бұрынғыдай дүкен ашып, сауда-саттыққа тікелей көшкеннен гөрі белгілі бір кәсіптің түрімен айналысуға ден қойғандардың қатары қалың.

Жас кәсіпкер осыны айғақтап берді. Қиындыққа мойынсұнбай, кез келген істің тетігін тауып, мүмкіндікті тиімді пайдалана білген нәзік жанды Гүлшат Ишанғалиева бүгінде отағасының аяулы жары, әулетінің ардақты келіні. Ол 1994 жылы 4 қазанда Көпжасар ауылында дүниеге келген. 2015 жылы жолдасы Ақылбек Сейткереевпен отбасын құрған. Бұл жандардың жарасымды шаңырақ болғанына 9 жылдың үстіне шығыпты.

Отбасылық кәсіпте береке барын түсінген олар бүгінде өз өнімдері арқылы елдің алғысына бөленуде. Қазіргі таңда жас кәсіпкер 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Еңбектің ебін тапқан отбасы (2)

– Бастапқы идеямызды, 22 наурыз – қазақтың әз-Наурызында мерекелік алаң маңынан кәуәп сатудан бастадық. Алғашында 2 жәшік «тауық етін» алған болатынбыз. Кейіннен «бизнес-идеямыз» қасиетті Рамазан айында жалғасын тауып, өзіміз тұратын көшеде кәуәп пен балықтарды ыстықтай дайындап, тұтынушыларымыз арта түсті. Ауызашар уақытына қарай, алдын-ала тапсырыс берушілер көбейді. Нақтырақ айтсам, 20-25 күннен кейін, тек кәуәп қана емес, фаст-фуд өнімдерін де сатып, шағын кәсіп ашып көрейік деген ой келді. Алланың қалауымен көп ойланбастан, жұбайыммен бірден іске кірісіп, саудаға қолайлы жер іздедік. Осы аралықта қайын інім Алмаз барлық жағынан көп көмегін тигізді. Бастамамызды қолдап, демеу білдіріп, тұрақты тұтынушыларымыз пайда бола бастады. «Көш жүре түзеледі», демекші ең әуелі бір ғана аспазбен жұмыс бастадық. Өзім ыдыс жуушы да, даяшы да, еден жуушы да болдым. Көңіл көншітер жалақы, ұйымшыл әріптестермен кез-келген жанға тіл табыса кету оңай. Бүгінде кәсібіміздің аяқ алысы жаман емес. Бұл жолдың да өзіндік қызықтары, қиындықтары мен кедергілері де баршылық. Бірақ, берекелі істі қолға алған соң, оның артынан идеялар бірінен соң бірі келе береді екен.Осы уақыт аралығында 3 конкурс өткізіп, 10.000 теңгеден жоғары сауда жасағандар арасында бағалы сыйлықтар (шаңсорғыш, телевизор, смартфон, смарт сағат, қомақты ақшалай сыйлықтар, тағы да басқа бағалы сыйлықтар) ойнатқан болатынбыз. Нәтижесін де халықпен бірге анықтап, әділдік таныттық. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» дегендей, болашаққа деген нақты мақсаттарымыз бен жоспарларымыз бар. Алланың қалауымен біртіндеп армандарымыз орындалып келе жатыр. Алдағы уақытта бір жерде тұрақтап қалмай, үлкен ғимарат ашып, жақсы жағынан дамығымыз келеді, - дейді кәсіп иесі Гүлшат Халиасқарқызы.

Қазірде отбасылық кәсіпке айналған, есімі елге таныс «Jiger» орталығында расында халық үзілмейді. «Бір бас жақсы, екі бас одан да жақсы» демекші, жан-жарымен бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жатқандықтан болар, аз уақыт болса да олардың бұл орталығы аудан орталығынан ойып тұрып орын алды десек те болады.

– Күнделікті күйбең тірлікті күйттеп жүріп, кейде тіпті ас үйге бет бұратын да уақыт болмай кетеді. Сондай-ақ, құдайы қонақтар келіп қалғанда, туған күн кештерінде, әріптестермен дастархандас болғанда бірден «Жігер» кафесіне қоңырау шалып, тапсырыс беремін. Айтқандай-ақ көп күткен емеспін. Кем дегенде 20-25 минут аралығында жеткізіп береді. Барлығын ыстық әрі дәмді етіп дайындайды. Бағалары да қолжетімді әрі ұтымды. Сонымен қатар демалыс күндеріотбасымызбен көңіл сергіту мақсатында, кафеге аяқтай барып келеміз. Ең әуелі «Шашлыки» атауымен танымал болғасын, шыны керек қазіргі атауына үйренісе алмай жүрмін. Жанұямызбен ұйымдастырылған конкурстардың бір де біреуін жібермей қатысамын. Аудан орталығында тез дайындалатын тағам түрлерін ұсынатын орындар баршылық болса да, менің отбасым үшін бұл дәмханабірінші орында. Кәсіп иелері Ақылбек пен Гүлшатқа кәсіби табыс, отбасыларына береке, үлкен жетістіктер тілеймін. Ауыл тұрғындары атынан жүйелі бастама жемісін береді деген сенімдеміз, - дейді «Жігер» дәмханасының тұрақты тұтынушысы, аудан тұрғыны Алтынай апа.

Еңбектің ебін тапқан отбасы (3)

Кәсіпкерлікте адал еңбегімен өз замандастарына үлгі болып жүрген бұл азаматшаның кәсіптік идеясы өңір тұрғындарының көңілінен шығып отыр. Ер азаматтың табысқа кенелуінің артында да әйелдің алып күші мен ақылы жататындығы белгілі. Кәсіптің түбі нәсіп болатынын, жақсы бастама тек қана биіктерге жетелейтінін ол ешқашан есінен шығармайды. Сондай-ақ тиянақты жұмысын жалғастырады. Мұндай істе әлбетте береке болатыны анық.

Міне, осындай ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығы жарасым тапқан әулетте бақыттың лебі есіп, бірлік пен ынтымақтың жарқын көрінісін анық көрдік. Алдағы уақытта аудан халқының мақтанышына айналар белді кәсіпкерлер тізімінің алды болады деген ойдамыз. Қазірде тірлігі түзу отбасыны ел құрметтейді.

Ақерке Ғилымхан

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале