27.11.2024, 11:31
Оқылды: 13

Қазақстан – бокстан Азия чемпионатының басты фавориті ме?

Қазақстандық боксшылар жақын арада өтетін Азия чемпионатына қатысу үшін Таиландқа жол тартты. Биылғы чемпионат Олимпиада ойындарынан кейін өтетіндіктен, ұлттық құрама бұл турнирде стратегиялық тапсырмаларды шешуге баса назар аударады. Бапкерлер штабы жарысқа ең мықты құрамды апарады, ал спортшыларға қойылған мақсат – жоғары деңгейде өнер көрсету.

IMG_3199

Суреттер: Olympic.kz

Медаль үшін күрес тартысты болмақ. Құрлықтық додада драмаға толы жекпе-жектер, күтпеген нәтижелер мен шаршы алаңдағы жалынды күрес ежелден дәстүрге айналған. Толығырақ Olympic.kz материалында баяндалады.

Бокстан Азия чемпионаты – құрлық үшін маңызды турнирлердің бірі. Бұл спорт түрі өңірде жылдам қарқынмен дамып келеді. Бұрын тек бірнеше құрама ғана басымдыққа ие болса, қазір жоғары орындар үшін күресетін командалар саны айтарлықтай артты. Әзірге Қазақстан мен Өзбекстанның көшбасшылығы айқын болғанымен, басқа елдердің де қабілеттері байқалады.

Айта кету керек, Азиядағы бокс деңгейі қазір өте жоғары. Бұны өңір боксшыларының әлемдік рейтингтегі орны дәлелдейді. 2024 жылғы Олимпиада ойындарының жалпы медаль есебінде (ерлер мен әйелдер арасында) алғашқы үш орынды азиялық елдер иеленді.

Сондықтан жанкүйерлерді тағы бір қызу тартысты бәсекелер күтуде. Бірақ нәтижені алдын-ала болжау қиын.

Бокстан Қазақстан құрамасы алдағы Азия чемпионатына тыңғылықты дайындық жүргізді. Жазда команда украиналық спортшылармен бірге оқу-жаттығу жиынын өткізді. Құрамаға үміткерлердің дайындығын бағалау үшін бапкерлер штабы барлық боксшыларды Қарақозы Әбдалиевтің құрметіне арналған халықаралық турнирге қатыстырды.

Физикалық дайындықты күшейту үшін командаға басқа да жекпе-жек жұлдыздарын баптаған, тәжірибелі жаттықтырушы Кристофер Камачо Геннадий Головкиннің бастамасымен шақырылған еді.

Осыдан кейін бас бапкер Қайрат Сәтжанов құраманы Астанаға жинады. Елордаға Ресей, Куба және Грекия боксшылары да келіп, біздің спортшыларға Азия чемпионатына дайындалуға көмектесті.

Нәтижесінде ұлттық команданың құрамы осындай:

48 келіге дейін: Санжар Тәшкенбай

51 келіге дейін: Сәкен Бибосынов

54 келіге дейін: Махмұд Сабырхан

57 келіге дейін: Оразбек Асылқұлов

60 келіге дейін: Бейбарыс Жексен

63,5 келіге дейін: Мұхамедсабыр Базарбайұлы

67 келіге дейін: Дулат Бекбауов

71 келіге дейін: Абылайхан Жүсіпов

75 келіге дейін: Диас Молжігітов

80 келіге дейін: Ерасыл Жақпеков

86 келіге дейін: Бекзат Нұрдәулетов

92 келіге дейін: Сағындық Тоғамбай

92 келіге дейін: Айбек Оралбай

Құрама сапындағы әрбір боксшы қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Бұл тізімде әлем, Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, Олимпиада ойындарының қатысушылары бар.

Біршама уақыт кәсіби мансаптарын дамытуға көңіл бөлген Абылайхан Жүсіпов пен Бекзат Нұрдәулетов қайтадан ұлттық құрамаға оралды. Олар барлық маңызды жиындардан өтіп, Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған турнирде өз шеберліктерін дәлелдеді.

Маңызды өзгерістердің бірі – Айбек Оралбайдың ауыр салмақ дәрежесіне өтуі болды. Бас бапкер Қайрат Сәтжановтың айтуынша, бұл өзгеріс Оралбайдың дайындық деңгейіне айтарлықтай әсер етпеген.

“Шымкенттегі турнирде ол 92 келіден жоғары салмақта өнер көрсетті. Төрт жекпе-жек өткізді. Өзін өте жақсы қырынан көрсетті. Қарсыластарынан жылдамырақ екенін, аяқпен жұмыс жасауда басым екенін байқауға болады. Сондықтан, ол бұл салмаққа толық бейімделді деп айта аламын.”

Болжам бойынша, Оралбай чемпионаттағы ең маңызды жекпе-жектердің бірін өткізуі мүмкін. Азияда ауыр салмақта мықты боксшылар көп емес, сондықтан ақтық сында Айбек пен Өзбекстан спортшысы Жахонгир Зокиров кездесуі ықтимал. Айта кетейік, Зокиров жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының бес дүркін жеңімпазы.

Бұл салмақта екі рет Олимпиада чемпионы атанған Баходир Жалолов Жахонгирді өзінің ізбасары ретінде атап, жас боксшының  болашағы зор екендігін айтты. Енді оның шаршы алаңда ересектер арасындағы өнерін көру ғана қалды. Әсіресе, құрлықтағы ең мықтылардың бірі ретінде танылған Оралбаймен жекпе-жегі ерекше болмақ. Алайда Айбек бұл мәртебені басқа салмақта дәлелдеген, сондықтан жаңа дивизионда оған да сынаққа қарсы тұруға тура келеді.

Жалпы, Өзбекстанның Азия чемпионатына іріктелген құрамы күткендегідей болмады.Бапкерлер штабы жастарға сенім артып отыр. Олар жақында ғана өз елінің намысын жастар мен жасөспірімдер арасындағы жарыстарда қорғаған еді. Бұл жағдайда әлем чемпионы Миразизбек Мирзахалилов (57 кг) пен Мадияр Саидрахимовты (92 кг) атап өтуге болады.

Құрамда бірнеше жаңа спортшылардың есімдері аталған. Алайда, бұл ақпарат Өзбекстанның алтын алу мүмкіндігі төмен екендігін білдірмейді. Әрине, қағаз жүзінде біздің команда әлдеқайда мықты әрі тәжірибелі көрінеді. Бірақ бокста кез келген жағдай орын алуы мүмкін.

Қарсыластарды төмен бағаламау керек, себебі олардың жеңіске деген құлшынысы әлі де жоғары, әрі қауіпті.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бокс бәсекесі әлдеқашан классикалық сипатқа ие болды.  Әр жекпе-жек жанкештілікке, эмоцияға толы және ымырасыз өтеді. Бұл жекпе-жек стильдерінің және қойылған міндеттерді ақтау. Таиландтағы Азия чемпионаты да бұл дәстүрден тыс қалмайды.

Басқа құрамалар қандай қарсылық көрсете алатынын айту қиын. Барлық командалардың құрамы әлі жарияланған жоқ, сондықтан турнирлік кестені талдау оңай емес. Дәстүрлі түрде Қытай, Үндістан, Таиланд, Филиппин, Моңғолия және Оңтүстік Корея құрамалары жақсы нәтиже көрсетуі мүмкін. Қырғызстан сапынан 2024 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Мунарбек Сейітбек уулу (57 кг) өнер көрсетеді. Тайбэй мен Тәжікстанның боксшылары қауіпті.

Айтпақшы, жапон құрамасының көптеген көшбасшылары бұл турнирге қатыспайды. Олар Азия чемпионатымен бір мезгілде Англияда өтетін World Boxing ұйымдастырған Әлем кубогына аттанды. Алайда, жарысқа Украина боксшылары қатысады. Дегенмен, олардың қатарында Париж Олимпиадасының финалында Нұрбек Оралбайды жеңген Александр Хижняк жоқ екенін атап өткен жөн.

Өткен Азия чемпионатында Қазақстан үш алтын, алты күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Алтындар саны бойынша біз тек Өзбекстанға (бес алтын) ғана жол бердік. Бұл жылы чемпионатта кеткен есені қайтаруға тамаша мүмкіндік бар. Қайрат Сәтжанов алға қойған мақсаты – көп алтын медаль ұтып, командалық есепте жеңіске жету. Сонымен қатар, Олимпиададағы сәтсіздіктерді қайта қалпына келтіру де маңызды міндеттердің бірі.

Бұл мақсатты жүзеге асыру мүмкіндігі өте жоғары. Әсіресе, басқа құрамалармен салыстырмалы түрде талдау жасасақ, Қазақстан құрамасы Таиландтағы турнирдің басты фавориті. Аталмыш чемпионат Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды турнир болмақ. Оның қорытындысы бойынша бапкерлер штабы жаттығу барысын тиімдірек ұйымдастырып, әдістемені жақсартуға, Азиядағы ғана емес, әлемдегі ықпалын күшейтуге бағытталған жұмысты жалғастыра алады.

Айта кету керек, Азия чемпионаты 2024 жылы 29 қараша мен 11 желтоқсан аралығында Таиландтың Чиангмай қаласында өтеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале