Бүгін Теректі ауданының Ақсоғым ауылдық округіне қарасы Үлкен Еңбек ауылында тұрғындар бірнеше жыл бойы асыға күткен медициналық пункттің есігі айқара ашылды.
Ашылу салтанатына БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешев, Теректі ауданының мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров пен ғимаратты сапалы аяқтап, ел игілігіне тапсырған «ҚАЗ ОКК» ЖШС директоры Нұрсұлтан Нәсіпқалиев қатысты.
Жобалық-сметалық құны 130 млн 140 мың 718 теңгені құрайтын жалпы ауданы 139 шаршы метр һәм бір ауысымда 15 адамды қабылдау мүмкіндігі бар медициналық пункттің ашылуына арнайы қатысып, тұрғындар қуанышын бөлісе келген Бақытжан Хаберұлы ізгі тілегін арнап, алдағы жұмысқа сәттілік тіледі. Өз кезегінде Нұрсұлтан Егізбайұлы Теректі аудандық 2-ауруханасының директоры Бекзат Құбаевқа медициналық пункттің кілтін табыстады.
Ауыл тұрғындары атынан сөз алған ардагер ұстаз Күләш Аманжолова аз ғана уақыт ішінде тиянақты іс қылып, ғимарат құрылысын мінсіз аяқтауға атсалысқан Нұрсұлтан Нәсіпқалиевке алғыс жаудырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастап жүзеге асқан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының тиімділігін тілге тиек етті.
Лента қию рәсімі өткен соң көпшілік медициналық пунктке бас сұғып, замануи үлгіде салынған ғимарат кабинеттерін көрді. Айта кету керек, медициналық пункт қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Соның ішінде ЭКГ аппараты, дефибрилятор мониторы, электрлік зонттау құрылғысы, перфузор, инфозумат, цифрлы термометр, тонометр, пульсоксометр, УФО физио аппараты, сенсорлы магнитотерапия, небулайзер, вакцина сақтау тоңазытқышы, компьютер жиындығы сынды заманауи құралдары бар. Шілде мен қараша айлары аралығында, яғни көзді ашып-жұмғанша бой көтерген пункт тұрғындар үшін көптен күткен қуаныш болды.
Бақытжан Нарымбетовтың айтуынша, жыл соңына дейін өңірде 20-ға жуық денсаулық сақтау ғимараты ашылады. Бұл ауыл медицинасын қалпына келтіріп, ағайынның денсаулығын жақсартып, сапалы медициналық көмек көрсету үшін тамаша мүмкіндік.
Ауыл ақсақалдары, жастары алтын бесікке көңіл бөлініп, қаладағы ғимараттан артық болмаса, кем болмайтын медициналық пункттің мәреге жетіп, пайдалануға берілгеніне ризашылықтарын білдіріп, шат-шадыман күй кешті.
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы